Шекара қорғау – аса жауапты қызмет

49

0

2020 жылы наурызда Президент Жарлығымен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жүйесі толық интеграцияланып, Шекара қызметінің қазіргі заманғы құрылымы құрылды. Осыған сәйкес елімізде офицерлер Алматы қаласындағы ҰҚК Шекара академиясында даярлануда. Бүгінде академияға жастарды қабылдау науқаны басталды.

Орта немесе арнаулы орта білімі бар, әскери қызмет өткермеген,  бірақ жиырма бір жастан аспаған азаматтар жоғары білім беру бағдарламалары бойынша Ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына қабылданады. Сондай-ақ әскери немесе арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматтар, мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер жиырма төрт жасқа толғанға дейін, келісім-шарт бойынша не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеретін қызметкерлер жиырма бес жасқа толғанға дейін оқуға түсе алады.

− Үміткерлер әскери-дәрігерлік комиссияда психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ қызметке жарамдылығын анықтау үшін полиграфологиялық зерттеуден өтеді. Биылғы және өткен жылдардағы жалпы білім беретін мектеп түлектері Шекара академиясына ҰБТ нәтижелерімен келеді. Академияда бірқатар мамандық түрлері бар. Басты шарттардың бірі– тест нәтижесі  50 балдан жоғары болуы. Пәндерге  арнайы талап жоқ, тек медицина жағын таңдайтын болса, биология мен химия, техникалық мамандыққа физика-математика міндетті. Қалған мамандықтарға басқа пәндер жарай береді. Барлығы үміткердің өз таңдауына байланысты, − дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметі облыс бойынша департаменті тәрбиелік-идеологиялық және кадрлық жұмыстары бөлімшесінің бастығы Данияр  Жұпарбеков.

Айта кету керек, оқуға түскен түлек тамақпен, оқуды бітірген соң жұмыспен қамтылады. Академия түлегі офицерлік лауазым алғаннан бастап келісім-шарт бойынша 10 жыл осы салада қызмет атқаруы тиіс. Егер өтемеген жағдайда оқыған 4 жылының өтемін мемлекетке қайтарады. 

Шекараны қорғау – аса жауапты қызмет, артылатын жауапкершілік те жоғары. Десе де білімді, ерік-жігері мықты кез келген жас шекарашы бола алады.

− Шекара қызметі – жастар үшін үлкен мүмкіндік, абырой,  маңызды жауапкершілік. Қазіргі уақытта жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. 25 жасқа дейінгі, арнаулы және жоғары оқу орнын бітірген,  әскери билеті бар жастар өтініш бере алады. Бізге әскери кафедраны бітірген офицерлер керек.  Бастысы – денсаулығы жарамды болып, барлық нормативтен өтсе болғаны, − дейді Данияр Оразәліұлы.

Елімізде әскери қызметшілерге барлық жағдай жасалған. Олар басқа мамандық иелеріне  қарағанда бірқатар артықшылыққа ие. 

Шекара қызметі − әскери қызметшінің өзін де, оның отбасы мүшелерін де әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін, кәсіби өсуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қызметтің ерекше түрі.  Мемлекет есебінен медициналық жәрдем көрсетіледі, тұрғын үй беріледі. Лауазымдық, әскери атағы бойынша жалақыға және қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақыларға, нарядта қызмет өткеру кезінде ақшалай өтемақы, 47 жастан бастап лайықты зейнетақы сияқты артықшылықтарға ие, − дейді «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Асан Худаяров.

БАҚ өкілдерімен болған жиында бөлім басшысы мен бірлестік төрағасы қызылордалық жастарды мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<