Шекара шебінің тірегі

1178

0

Міне, еліміздің қастерлі тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Сонау 1991 жылы дүние есігін ашқан сәби бүгінде ел үмітін арқалаған азаматқа айналып отыр.  Азамат Құмарбек шекара шебінде абыроймен еңбек етіп жүрген жастың бірі. Қазіргі таңда ол ҚР ҰҚК ШҚ Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік шекара күзету бөлімінің аға офицері. 

Азамат – Шығыстың тумасы. Ол Күршім ауданы Үшбұлақ ауылында дүниеге келді. Мұндағы елді-мекендердің барлығы дерлік шекаралас аймақта жатыр. Сондықтан да шекара сақшыларының қиын да қызық өмірі көз алдында өтті.

– Жалпы, қандай мамандық иесі болмасын қоғамға, елге қызмет етеді. Ал халық үшін қызмет істеу қашан да маңызды мәселе. Бала күнгі арманым – офицер болу еді. Сол себепті мамандық таңдар сәтте көп ойланбадым, әскери жолды таңдадым», – дейді Азамат Құмарбек.

Тоғызыншы сыныптан соң ол «Жас – ұлан» әскери мектебіне түсті. Табанды әрі ізденімпаз жасөспірім аталған оқу орнында әскери өмірге машықтанып, төзімді азамат болып қалыптасты. Шыңдалды. Көзінде оты бар, жүрегі «Отаным» деп соғып тұрған Азамат балалық арманына жету үшін тынбай тер төгіп, еңбектенді. Алматы қаласындағы шекарашылардың ұстаханасына айналған оқу орнына түседі. Осында 4 жыл оқып, 2013 жылы «лейтенант» әскери шенін алып шықты. Осылайша, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тізгіні тағы бір білікті жас офицермен толықты.

Азамат өзінің офицерлік қызметіндегі еңбек жолын еліміздің оңтүстік өңірінде «Қордай» шекаралық бақылау бөлімінде бастады. Кейіннен сол кездегі «Оңтүстік» өңірлік басқармасы, Қызылорда шекара жасағына қарасты «Кәрібайбұлақ» және «Қосшың» шекара заставаларында бөлімше бастығының орынбасары,  бастығы лауазымдарында қызметін жалғастырды. Арал мен Қызылқұмның жазы мен қысындағы қатал табиғаттың, климаттың жайсыздығына қарамастан өзіне сеніп тапсырылған бөлімшелерде адал қызмет атқарды.

Ол өз Отанының шын жанашыр патриоты екенін нақты іспен көрсете білді. Қысқа мерзім ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Жауапты учаскесінде заң бұзушылықтардың жолы дер кезінде кесіліп отырды. Айта кетсек, мемлекеттік шекара арқылы ірі көлемде қара металл өткізбек болғандардың әрекетіне тосқауыл қойды. Шалғайдағы шекаралық аймақта есірткі алқабын ұйымдастырушылардың да жолы кесілді. Қоғам дертіне айналған есірткінің ел арасына таралуына бөгет болды.

Жеке құрамның тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында Азамат бастаған бөлімшенің әскери қызметшілері бірге қол жұмылдырып, казарма бой көтерді. Нәтижесінде қарамағындағы «Кәрібайбұлақ» шекара заставасы 2015, 2016, 2017 жылдары «үздік бөлімше» болып танылды. Еңбегі жоғарғы бағаланып, басшылық оған 2017 жылы мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағын берді.

Қазіргі таңда Азамат жалпы шекара қызметінің негізі тірегі болып саналатын жауапты міндеттерінің бірі – мемлекеттік шекараны күзету бөлімінде аға офицер қызметін атқарып жүр. Негізі деуіміздің жөні бар. Себебі бұл бөлім офицерлерінің мойнына жүктелген жауапкершілік өте жоғары.

Мәселен, оның жұмысы шекара шебіндегі сақшыларымыздың күнделікті қызметін ұйымдастырудан басталады. Мемлекеттік шекараны сенімді күзету мен қорғау бойынша жоғарыдан келіп түскен бұйрық- нұсқауларды, өкімдер мен жобаларды дайындап, бөлімшелерге жеткізеді.  Олардың уақытылы орындалуын бақылау да бар. Сонымен қатар әртүрлі жағдайларда орын алған мәселелерге дер кезінде дұрыс шешім қабылдау мақсатында департамент бастығына мәліметтер мен ұсыныстарды дайындап, тиесілі есептерді жүргізеді. Демек, шекара шебіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, нарядтардың қызмет орнына уақытылы шығу сынды тапсырмалардың мінсіз орындалуы, аталған бөлім офицерлеріне тікелей байланысты.

Ел қауіпсіздігін қорғауға үлес қосқан, қызметіне адал кейіпкерімізге алдағы уақытта биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз.

Темірлан СЕРІКҚАЛИЕВ,

ҚР ҰҚК ШҚ ӘПҚБ офицері, капитан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<