Қызылордалық Өксікбаевтар әулеті көл-көсір қуанышқа кенелді. Келіндері 33 жасар Назерке Ахметова үстіміздегі жылдың 20 шілдесінде үш бірдей қызды дүниеге әкелді.
Биылғы жылдың алғашқы үшемдерін жақындары Айлина, Жасмина, Медина деп атады. Ай-күні жетпей босанған нәрестелердің салмағы бір жарым келіден сәл асқан. Алайда жағдайлары жақсы.
«Кезекті УДЗ тексеруден өткенімде маған үшем болатынын айтты. Жолдасым екеуміз қатты қуандық. Енді, міне, бірден бес баланың анасы атанып отырмын. Үлкен ұлым Жасдәурен 12 жаста, қызым Айнель 10-да»,– деді жас ана.
Үшемнің аман-есен үйлеріне оралуына «Ана мен бала» орталығының қызметкерлері де барынша күш салды.
– Нәрестелер 33 апталығында дүниеге келді. Анасына бөлім дәрігерлері, мейірбикелер мен босандырған акушерлер шақалаққа қалай көмек көрсету керектігін, әрі қарай қандай шаралар жүргізілетіндігі туралы түсіндірді, – деп атап өтті орталық бас дәрігерінің орынбасары Ләззат Сапарбаева.
Үшемдерді үйлеріне шығарып салу рәсімінде қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Қаюпов қала әкімінің құттықтау хаты мен бөбектерге арналған қоларба табыстады.
Жалпы, жыл басынан бері облыстық перинаталдық орталықта 5 мыңдай сәби туылған. Оның 16-сы егіз.
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан егіздердің туылуы жағынан әлемде алғашқы елулікке енеді екен. Көш басында Африка құрлығындағы Нигерия тұр. Онда әрбір 22 адамға бір егізден келеді екен. Халқының көптігімен аты мәлім Қытай соңғы орында. Сыр өңірі туу көрсеткіші жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін келеді. Мәселен, өткен жылдың сегіз айында облыс бойынша 12222 нәресте өмірге келген. Ал 2016 жылдың сол уақытында барлығы 12416 бала туылған. Арасында, әрине, егіздер мен үшемдер де бар.
Медицинада егіздер мен үшемдерге ерекше қарайды. Бұл қасиет ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы да жалғаса береді. Ана құрсағында екі немесе одан да көп шарананың пайда болуы жөнінде дәрігерлер үнемі зерттеулер жүргізіп келеді. Әрине, оны ең алдымен жаратылыс заңы деп қабылдаған жөн.
Сырбойылықтарды қуанышқа бөлеген үшемдерге ұзақ ғұмыр тілейміз.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<