Шерлі тарихтың куәсі

1724

0

Облыс орталығындағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш осыдан 23 жыл бұрын бой көтерді. «Арай» шағын ауданына бара қалсаңыз, азалы тарихқа тағзым белгісіндей еңселі ескерткіш бірден көзге түседі. Жанынан өткенде «нысанды тұрғызу үшін неліктен осы жер таңдалды, құрылыс нені бейнелейді?» деген ой келетіні рас.

Ескерткіштің биіктігі – 10 метр. Авторы – сәулетші Мәлік Сапарғалиев. Ескерткіш мазмұны жағынан «Біз біргеміз!», «Елімізде бейбітшілік болсын!» деген ойды білдіреді. Сондай-ақ, 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияда «халық жауы» атанып, жапа шеккен Алаш арыстарының ақтал­ғандығының көрінісін береді.

Айта кету керек, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан ТМД елдерінде тұңғыш рет «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдады. 1997 жылы Президент Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» белгіленді. Ал Қызылордадағы ескерткіш 1998 жылы орнатылды.

Тарихи белгіні салу үшін бұл жер бекер таңдалмаған.  Ел арасында бұл төбе бір кездегі қанды қырғынның куәсі екені де жиі айтылады. Бұлай деуге негіз бар. Облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің тілшісі, журналист Мырқы Исаев – тарихи әділет­тілікті қалпына келтіруге үлес қосқан адамдардың бірі. Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, отставкадағы полковник Әмірхан Бәкірұлы сұхбатында «Тоқсаныншы жыл­дары ағамыздың бастамасымен ату жазасына кесілгендердің жер­ленген орнын іздестіру басталды. Қауіпсіздік орган­дары­ның қызметкерлеріне ауыр жаза Қарауылтөбе қыстағы, қала­дағы Куйбышев көшесінің бойы, МАИ және Тасбөгет кентінің маңайындағы аумақта орындалғанын жеткізді. Дәлел ретінде Сырдария аудандық «Жаңадария» газетіндегі «Қырық молдаға түскен құрық», Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіндегі «Алтын тіс арқылы танылған өлік» мақалаларын ұсынды.

1995 жылы 9 қарашада жергілікті «Сейхун» телеар­на­сынан қала шетіндегі сусымалы шегеқұмның арасынан бірнеше адам сүйегі табылғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Бұл жерді жұрт «Сабалаққұм» атап кеткен екен. Ертеңіне қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде осы тақырыпта көлемді материал жарияланды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы, полковник Нұрахмет Ералиев облыс прокурорына аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғау жөнінде хат жолдады. Іс қозғалып, сот-медицина сараптамасы жүргізілді. Нәтижесінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының жаппай жерленген орны айқындалды. «Сабалаққұмда» ескерткіш орна­тылып, жыл сайын еске алу шарасы өткізілетін болды» дейді.

Демек, ұлт зиялылары, жазық­сыз жандардың мүрдесі жерленген бұл жер – шерлі тарихтың куәсі, халық үшін киелі орын. Ескерткішке 2017 жылы бастапқы қалпын сақтай отыра қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп,  аумағы абаттандырылды. Жоба бойынша шағын аллея мен арнайы тағзым ететін орындар салынды. Сол жылы ауқымды митинг өтіп, зиялы қауым өкілдері және отандық, шетелдік ғалымдар қатысуымен ғылыми-практикалық конференция ұйым­дас­тырылды.

Айдана жұмадинова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<