Шеруен атқан «Шеге құм»

2153

0

Сурет ашық дереккөзден

Біздің қатарымыздан, Сырдан шыққан атақты адамдардың арасында ғалым, қайраткер, қаламгер Бауыржан Омарұлының есімі ерекше аталады.

Ол біразымызды бүгінгі күні шетке сырылып бара жатқан кітап оқу дағдысына қайтарды деп айта аламын. Өйткені, оның кітабын қолға алғандар бір ақтарып шығайын дейді де, түгел тауысқанша басын көтере алмай отырады. Осыған куәмын.

Ойпырмай, мен өз замандастарымнан қара сөзді шудасы үлпілдеген үлектей бұйдалап жетектейтін Айт-Ман, Берік Жүсіп секілді екі-үш адамды білемін. Бауыржан да сол, сөйлеп бергенде түйдек-түйдек тіркестерді төгеді, жазып, жаттап алған шығар деп ойлайсың. Бұл – оның көп оқып, көп тоқығанының тайға таңба басқандай белгісі. Ал жазғанда орғыл құмға өрнек салып бара жатқан үрме желдей жүйрік.

Жақында Бауыржанның «Шеге құм» аталатын кітабы («ARNA-B», Алматы, 2023) қолымызға тиді. Шикізаты мақтадай жеңіл, күй-қуаты сақадай ауыр. Өзім де баяғы бір ақтарып шықпақ болғанмын, содан бас ала алмай көзбен жұтып, көңілмен қорытып отырмын.

«Шеге құмда» біз білеміз деген, бірақ, біз білмейтін тамаша тұлғалардың жан әлемі жарқырай көрінеді. Бір кездері бәріміз де Сафуан Шәймерденовтің «Инеш», «Марғау» деген кітаптарын жастана оқыдық, алайда, Бауыржанша баға бере алмадық: «..Бұл повесті оқып шыққан соң, Қаратереңнің көзі мөлтиіп, жүні үрпиіп, қара қайықтың түбін тіміскілеп, итеңдеп жүретін иттеріне өзгеше көзбен зер сала бастадық. Мың сырлы «Марғау» ит атаулыға ит деп қарамауға үйретті (33-б.)». Тереңінен толқи шыққан осы сөзде кітаптағы біраз сырдың кілті бар. Кейіпкердің қатпарлы мінезін ит тағдыры арқылы көрсету – жазушы шеберлігі болса, оны сол күйде ұғу – оқырман ойлылығы.

Кітаптағы бізді таңғалтқан тағы бір тағылым – Немат Келінбетов бейнесі. Атақты түрколог-ғалым, жазушы Келімбетовті институтта оқып жүрген кезден білеміз. Оқу тобымыздың жетекшісі, ұстазымыз Темірхан Тебегенов бізге жазушының «Үміт үзгім келмейді» аталатын кітабын оқып шығыңдар деп тапсырма берген. Осындағы отыз жастан аса бере омыртқа дертіне шалдыққан кейіпкер образы оқырманды ойға салып, күрескерлікке үндейді. Үміт дегеннің адам санасындағы нәзік тін емес, алапат қуат екенін түсіндіреді.

Кейін Темірхан ағай кейіпкер тағдыры жазушының өз тағдыры екенін айтқанда таңғалғанмын.

Ал Бауыржанның «Келімбетов кеңістігі» аталатын естелік әңгімесінде тұлғаны тағы бір қырынан таныстырады. Ол – Келімбетовтің ұстаздық ұлағаты мен адами айшығы. Әңгіме автордың ғылыми диссертация қорғау кезінен бір үзік сыр шерткен. Осы үзік сырдан үлкен жүректі кісінің мейірбан да парасатты бейнесін жақыннан тани түсеміз.

Сонымен бірге автор кітапта Светқали Нұржанов, Байбота Серікбаев, Шәкизада Әбдікәрімов секілді дарынды ақындар әлемінің әсеріне еліктіреді. 

Бауыржан діліндегі Байботаның Байроннан, Шакизаданың Шекспирден кем жері жоқ. Тіпті, осы мен айтып отырғандай басқамен салыстырудың қажеті не, олардың қазақ өлеңіндегі, түркі әдебиетіндегі орны онсыз да оқшау. Ал енді адам жаны дейтін екінің бірі бойлай алмайтын тереңге Бауыржан еркін сүңгіп шығады. Оның суреттеуіндегі ақындардың ғажап болмысы тосын тұста жарқ ете қалады. Бауыржан өмірдің юморлық сипатын әбжіл аңдайды, ал, оның қарапайым тірлік қалтарыстарынан пәлсапа жасауы жапырақты жүрек бейнесінде көрген Мұқағалиды еске түсіреді. Бұл үшін үшінші көз керек, сөз жоқ, ол Бауыржанда бар.

Халық Айт-Ман атап кеткен Светқали ақынның албырт шағын Бауыржан былай танытады: «…Абыздардың алдынан, жыраулардың жанынан жаңа ғана келгендей екі иінінен дем алып тұрады. Ол бізге жаугершілікте жорықтан бөлініп қалған Махамбеттің соңғы сарбазы секілді көрінетін (204-б.)». Осы бір суреттеу арқылы Баукең бүгінгі абыз ақынның ішкі қуаты мен өресізді өртеп өтер жан жасынын көзге әкеледі.  

Жазушының «Шыт көйлек» аталатын эссесі (85-б.) сонау студент шақтарымды ойға оралтты.

Бір күні дәрісханаға қияқ мұртты, аққұбаша жас жігіт кіріп келді. Егер өзі айтпағанда оның жаңадан келген оқытушы екенін білмес едік. Аты-жөні Өскен Көзбеков екен. КазГУ-ді бітіріпті, алғашқы күні сабаққа кірісіп кетпей, Алматы мен ақындар туралы біраз әңгіме айтты. Ол сонысымен бәрімізге ұнады. Содан «Шыт көйлек» деген өлең оқыды. Профессорларыңа да жағаласып отыратын қыздарымыз тып-тыныш болып қалды. Сол күн менің көз алдымда…

Бауыржанның жазып отырғаны осы «Шыт көйлек» болып шықты. Айтқандай, сол өлеңнің үш-төрт шумағын оқып өтпесек, қызығы болмас (біздің сөзіміздің).

…Жарқылдатып сезімдердің шақпағын,

Жан дүниемде астаң-кестең жатты ағын.

Амалсыздан әйеліме мен сенің,

Өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым.

…Оттай жанған бояуын-ай дедім мен,

Өртенуге таяуын-ай дедім мен.

Модасын-ай, мұны тіккен шебердің,

Көңілінің ояуын-ай дедім мен.

Серіңіздің бағы ма бұл, соры ма,

Жоқ, әлдебір шатасатын шағы ма?

Қасиетін әлгі ғажап көйлектің,

Кескіндемек болып едім тағы да.

Жарым айтты: «Көп мақтама шеберді,

Матасын да мақтай берме көп енді.

Бұл дегенің шыт көйлек қой, шыт көйлек,

Соған өліп-өшетіндей, не болды!?»

Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,

Көнген болдым (ол да соны қалайды-ау).

О, сұлулық! Сені кейде жырлауға,

Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау!..

Бауыржан бір өлең арқылы сексенінші жылдардағы жастардың жан сұлулығын, өміртанымын өзгеше шабытпен суреттейді.

Біздің бүгінгі сөзіміз – сұлулықты айту үшін шыт көйлекті әсемдеп отырған сияқты сөз. Ал сұлулық ләззатын жүрекке бөлеу – бір тылсым  бақыт.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<