дәстүрлі іс-шарада өзге де мәселе пысықталды
Сырда дара дақыл – күрішке орақ түсті. Сырдария ауданына қарасты «Ақжарма және К» шаруа қожалығының егін алқабында өткен егіншілердің дәстүрлі «Дала күні» шарасына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов, ҚР Еңбек Ері Абзал Ералиев және әдеттегідей сала ардагерлері, қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері ортақтасты.
Дала қосында облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы даму көрсеткіштері мен Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетістіктері таныстырылды. Сонымен қатар, егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникалары, облыста өндірілетін өнім түрлері көрсетіліп, сала мамандары өз пікірлерін жеткізді.
Мұнан соң аймақ басшысы министрлермен бірге күріш алқабына барып, алғашқы орақ салу рәсімін өткізді. Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің, Үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар былтырғыдай су тапшылығынан қатты зиян көрмегенін тілге тиек етіп, Сыр диқандарына тілегін арнады.
– Облыс халқының басым бөлігі ауылда тұрғандықтан біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз. Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы білесіздер. Алайда, ондай шешімнің аймақ үшін зардаптарын болжай отырып, ол қадамға бармадық. Осылайша күрішті 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан, суды тиімді пайдалану, егістікті кезектесе суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс істелді, – деді облыс әкімі.
Ведомство басшылары өз кезегінде диқандардың ала жаздай еткен еңбегін жоғары бағалап, Үкіметтің қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жандандыру міндетін алға қойғанын тілге тиек етті.
– Қызылорда – күріштің астанасы. Саралап қарасақ, 6,8 мың гектар Алматы облысында бар. Түркістан облысында да аз емес, шамамен 1,5 мың гектар. Ал, күріштің негізгі бөлігі, яғни 90 проценті осы Сыр өңірінде. Ең өзекті мәселе, дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе, өнімділік одан да арта түспек. Бұл аймақта күріш өндіру өте жақсы деңгейде дамыған. Ішкі қажеттілікті де, экспортты да дамытып отырғаны Сыр бойы шаруаларының зор еңбегі деп бағалау қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Егін алқабындағы мерейлі сәт «Дала күні» cеминар-кеңесімен жалғасты. Шетел ғалымдары мен білікті мамандар және отандық кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыс орнату мәселесін сөз етті.
Басқосуда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандыруда бірлескен шаралар қабылдауды алға тартты. Ал Серікқали Брекешовке аймақтың 178 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген егістіктен айырылып қалу қаупі бар екенін жеткізді. Сол себептен суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген жобалардың іске асуына ықпал етуді сұрады.
Биыл өңірдегі диқандар тұқым сапасын арттыруда украиндық ғалымдармен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. Бұл ретте Украина ауыл шаруашылығы ғылыми ұлттық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко әріптестікке мүдделілік танытты.
Жиында облыс әкімі суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюға болатынын жеткізді. Айталық, аймақта жүгері егуде суды үнемдеуге болады, егер оны экспорттасақ, табысы күріштен де қомақты. Сондықтан сала мамандары жүгері өндіру ісіне ерекше мән бермек. Бұл – әртараптандырудың нақты мысалы.
Кейінгі жылдары Сыр өңірінде су мәселесі проблемалық деңгейде болғаны рас. Дегенмен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде облыста биыл су жағдайы біршама тұрақтанды.
– Су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы биыл вегетациялық кезең шығынсыз аяқталып келеді, – деді Серікқали Брекешов.
Айта кетейік, биыл аймақта 188 мың гектардан астам жерге түрлі дақыл егілді. Қазіргі уақытта бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері және мал азығы дақылдарын жинау жұмыстары қызу жүруде.
– Жоғары өнім алу мақсатында күріштің 100 процент жоғары репродукциялы тұқымы себілді. Биыл себілген күріш тұқымының 3,4 проценті отандық сорт болса, 1,2 проценті украиндық, 0,1 проценті өзбекстандық, қалған 94 проценті – ресейлік сорттар.
Сондай-ақ, күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті. Ауыл шаруашылығы техникалары күріш егісін өз уақытында жинап алуға толық дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының мүмкіндігі бұған жетеді. Науқанды 10 қазанда аяқтау жоспарланып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл егінді әртараптандыру бағытында қосымша 189 гектар соя, 70 гектар күнбағыс, 3,5 гектар қант қызылшасы, 358 гектар қант құмайы егілген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 793 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Салалық басқарма ұсынған тағы бір мәліметке сүйенсек, биыл егін жинау жұмыстарына 1763 трактор, 849 комбайн, 476 жатка, 353 жүк көлігі, 825 трактор тіркемесі толық дайын деуге болады. Сонымен қатар, жаңадан 43 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған.
Сапар барысында министрлер облыс әкімімен бірге Ақжарма ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, шаруа қожалығына қарасты күріш зауытының жұмысын көрді. Тіректі елді мекен саналатын округтегі абаттандыру жұмыстарымен және әлеуметтік нысандармен танысты.
– Биыл «Ақжарма және К» фермерлік қожалығында 1350 гектар күріш, 40 гектар бидай, 362 гектар жаңа жоңышқа, 12 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілді. 30-дан астам ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылды. Егін егу және жинау науқанында 75-80 адам жұмыспен қамтылады. Техникалық жағдайымыз жақсы, ауыл шаруашылығы машиналарын 100 пайызға жаңарттық деуге болады. Әу баста су тапшылығы туралы айтылды. Бірақ су насостарын пайдалану арқылы бұл қиындықтан да шықтық. Өз есебімізше, күріштен жақсы өнім аламыз деген үміттеміз. Гектарына 70 центнерден өнім айналады деген болжам бар, – дейді шаруашылық төрағасы Қайрат Нұрсейітов.
Тағы бір қуанарлығы, шаруашылық өз қаражаты есебінен ауылды көркейту-көгалдандыруға, су жүйелерін жөндеу мен тазалауға қолдау көрсетуде. Әлеуметтік дүкен мен монша құрылысын салу, орталық стадионды жөндеуге және өзге де әлеуметтік бағыттарға 310 млн теңгеден астам қаржы бөліпті. Сондай-ақ, құны 122,6 млн теңге болатын күріш өңдеу зауыты мен астық сақтайтын қойма салған.
Мұнан кейін Н.Ілиясов атындағы ауылдық округте бірқатар құрылыс жұмыстары назарға ұсынылды. 2250 тұрғыны бар ауылда былтыр «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында ауылдық округке кіреберіс жолға күрделі жөндеу жұмысы жүріп, көпбалалы отбасыларға 3 тұрғын үй салынған. Ал биыл 11 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бері «Абзал және К» ТС ауылдың гүлденуіне қомақты үлес қосып келеді. Серіктестік жеке қаражаты есебінен абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарында 797 млн теңгеден астам қаржы бөліпті. Айталық, 384 млн теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн теңгеге ауылдық ғимарат жаңадан бой көтерді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген.
Сапар соңында министрлер Қызылорда қаласындағы су торабын қайта жаңарту жұмысымен танысты. Аталған құрылысқа бюджеттен 1 млрд 260 млн теңге бөлінген. Жұмыс толық орындалған жағдайда су торабынан төменгі ағысқа 1200 текше метрден 1900 текше метрге дейін су өткізуге болады.
– Бұл су торабы 1956 жылы салынған. 2014 жылы апаттық деп танылған еді. Содан бастап республикалық қазынадан тиісті қаржы бөлу мәселесі қаралып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысанды 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Су торабының бетондық жұмыстарының 85 пайызы бітті. Нысанды қоршау, сондай-ақ өзге де атқаратын шаруалар әлі де жетерлік, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Айта кетейік, қазір облыста су жағдайы тұрақты. «Шардара» су қоймасына «Көкбұлақ» су бекеті арқылы сәуір-тамыз айларында түскен су көлемі 3502 млн текше метр болса, 19 тамыздағы жағдай бойынша 3611 млн текше метрді құраған. Ал былтыр вегетациялық кезеңінде су қоймасына барлығы 2,1 млрд текше метр ғана су келіп түскенін атап өту қажет.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<