Шешуші науқан және алдағы міндет

556

0

Министр Үкімет басшысының құттықтауын жеткізді

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қармақшы ауданында өткен «Дала күні» cеминар-кеңесіне қатысты. Бұл туралы олблыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған іс-шарада аудан әкімдері, басқарма басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері мен сала ардагерлері болды.

Облыс әкімі өз баяндамасында аяқ су тапшылығы мәселесін қозғап, оның алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс айтты.

– Соңғы жылдардағы су тапшылығының қиындығын Сыр диқандары қатты сезініп келеді. Биыл да вегетация кезеңінде егісті сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкімет басшысы Әлихан Асханұлының, Үкімет мүшелерінің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Өткен жылы Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Қосымша 133 насос сатып алынып, пайдаланылуға берілді. Облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану үшін егістікті кезектесіп суаруды, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиындықтарға қарамастан, күріш көлемін 89 мың гектар етіп сақтап қалдық, – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы келер жылдан бастап суды тиімді пайдалану үшін күрішке берілетін қолдаудың көлемін қысқартып, қаржыны әртараптандыру мақсатында егілетін дақылдарға бағыттауды ұсынды. Аймақ басшысының пайымдауынша, субсидияны ауыспалы егіс тәртібін сақтап, егістік жерді лазерлік тегістеген және каналдар сағасына су есептегіш құралдар орнатқан шаруашылықтарға ғана беру керек.

Күріш шаруашылығындағы күрделі мәселе – сапалы тұқыммен қамтамасыз ету. Облыс әкімі министрлік әзірлейтін тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына күріш тұқымы мәселесін арнайы қосуды және қолдауды сұрады.

«Дала күнінде» Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың Сыр диқандарын егінге орақ салу рәсімімен құттықтау хатын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров оқып берді. Министр диқандар мен су шаруашылығы мамандарын ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен марапаттады.

Шараға қатысушылар егін жинауға арналған техникалармен, облыста өндірілетін агроөнім түрлерімен танысып, сала мамандарымен пікір алмасты.

Жалпы биыл облыс бойынша 193,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 89 мың гектар.

Әртараптандыру бағытында 3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Қазір күзгі егін жинау науқаны кестеге сай жүргізілуде. Қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті, ауыл шаруашылығы техникалары да күрішті дер кезінде жинап алуға толық дайын.

Шаруашылықтар ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын аяқтады. Дәнді және сүрлемдік жүгерімен қатар картоп, майлы, малазықтық, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күнге күріш егісінің суы толық байланды. Жалпы егін жинау науқанын 10 қазанда аяқтау межеленген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<