Шешуші сәтке қол созым

479

0

Ел «Кіші Арал» деп күткен, 33 жылдан бері тағдыры талқыда жүрген Солтүстік Арал теңізін өмірге келтіру талабы шешуші кезеңге тақаған сыңайлы. Алдағы сәуірде, уәде бойынша, бұл шаруаның құжаттары дайын болады, демек, қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Шешуші халық талқысы Арал жұртшылығының ортасында өткені дұрыс болады.

Осы жобаны дайындаушы ирандық «Веком» мекемесі былтыр 26 қаңтарда Арал жұртымен ақылдасқа келіп, бір оңды іс істеп еді. Анығында, сол жұмысты орындаушыларға аралдықтар тілегін жеткізіп, теңіз тағдырын шешуші мекемені елге келтіруге мұрындық болған – «Арал теңізі» (төрайымы А.Баймаханова) қоғамдық бірлестігі. (Жалпы, теңіз тағдырына қатысты мәселелер Аралда басталып, Аралда қабылдануы қисынды іс). Тек сол мәслихатқа аталған жобаның тағы бір атқарушы-авторы «Казгипроводхоз» мекемесі (директоры А.Рябцев) келмеді. Ондай саясат елге түсініксіз түрде қалды. ХААҚ қорынан да номинальді түрде бірер өкіл қатысты. Тағдыр айқындаушы мәні бар сол, Аралдағы қаңтар мәслихатына бұл мекемелердің жауапты басшылары келуі дұрыс қана емес, міндетті еді.

Арал халқының ұзақ жылдар бойғы тілегі – бір деңгейлі Солтүстік Арал нұсқасы таңдалып, қолданылып отыр. Ол – «Көкарал» бөгетін 51-52 м. су ұстайтын деңгейде (НПУ по БС) көтеріп алу. Осы талапты алдағы сәуірдегі ел талқысы алдында тағы бір пысықтау қажет. Су жиегі 51 метр болса деген кіші теңіз нұсқасы «Веком» мекемесіне сол 26 қаңтарда, біздің тараптан жан-жақты негізделіп айтылды. 30 жылдан аса сол «Кіші Арал» идеясының авторы ретінде, бұл мәселенің бар тарабын дәлелдеп, назарға салдым. Ирандық мамандар «дарияда су аз, ондай биік бөгет не керек?» деген қарсы сұрақ қойды. Осы сұрақ бізден көп уәж, дәлелдеуді талап етті. Біріншіден: жылдар бойы түбегейлі шешілмей келе жатқан «Көкарал» бөгетін, осындай беріліп тұрған бір мүмкіндікте, ең биік нұсқада шешіп алған көрегендік іс болады дедік. Үкімет Арал халқының бір тілегін осылай, енді ғасырда қайта оралып соқпайтын перспективада, біржолата шешіп бергені дұрыс. Ал су мәселесі?.. Дариядағы судың жайы – негізі, бір Жаратушының құзіретіндегі шаруа… Әрине, мамандар болжамы маңызды. Бірақ қазіргі «Кіші Арал» мысалы көзі ашыққа көп жайт айтты. Ардагер су мамандары Н.Қыпшақбаев, А.Тұрсынов (марқұм) сол «Көкарал» салынарда, жоба авторы «Казгипроводхоз» басшысы Н.Дмитриевке «бөгетті 46 м. (НПУ) деңгейде көтеру керек» деп көп ескерткен. (Басында осы 46 м. жобада бар еді, сол жүзеге асқанда біраз елге теңіз жақындап келер ме еді). Мекеме директоры бұған, «жоқ, дарияда су болмайды» деп, қасарыса қарсы болып, бүгінгі «жапырайған» 42 метрлік «Көкаралды» көтерді. Түбі, 2009 жылы А.Рябцев Қызылордаға тағы бір келіп, ел талқысы алдынан өткізе алмай кететін, 1990-жылдардан дайын жүрген екі деңгейлі «Кіші Арал» жобасына айналып соғу мақсаты болса керек… Міне, сонан бергі 17-18 жыл ішінде тым аласа «Көкаралдан» ары 50 млрд текше метр шамасы су Үлкен Аралға кетті. Бұл «Кіші Аралды» біржарым еседей толтыратын су еді. Мыңдаған тонна балық айдалада ит-құсқа жем болып, арам қатты. Бұл жайт әлі де жалғаса берер түрі бар. Міне, «маман сөзінің» нәтижесі! Енді бұл үшін 90-нан асқан автор-шалды, әлде басқа бір жауапты тұлғаларды сотқа тартамыз ба?

Тарих пен халық екі рет бетін қайтарған, негізгі авторлары да тәрк етіп, бас тартқан сол екі деңгейлік жобаны қайта реанимацияға салып, біреулердің тықпалай беруінде енді не мән?!

«Маман сөзі» дегенді жалаулатып бетке тартқанда, мына бір моральдық жайт есте болсын: маман уәжін тыңдау керек және ел тілегі мен маман сөзі арасын жалғай да білу керек. Маман өз есебін «пессимистік» нұсқаға құрады (ол онан арғыға жауап бермейді), онда «жүрек тілегі, жұрт сезімі» дегендер бола бермейді. Ал мамандар үшін сондай, мәні аз әлгі «сезім лирикаларында» «қайткенде ел-жерге тиімді жол табылады, қайткенде ел тілегі қабыл болады?» деген жанашыр, беймаза, патриоттық қайғы болады. Жанашыр көңілдер ең ұтырлы жол іздеуден талмайды, соны негіздейді, саясатқа жеткізеді. Бұл ретте, жергілікті жер-су жайын білетін адамдар пікірі – тыңдауға, санасуға жататын құндылықтар. Талай ғасыр құрылысы дегендер сондай ел ойларын тыңдау арқылы жүзеге асқан… 

Биік көтерілген «Көкарал» бізге «Кіші Аралды» дария суына тәуелді түрде байлап қоймайтын еркіндік береді. Келетін су көлеміне байланысты икемді, динамикалық теңіз режимі болады. Балықшы жұрт бұйырған суға орай өз тірлігін істей алады. Бұл – дариядағы су пайдалану ісі жоспарсыз-жосықсыз жалғаса береді деген сөз емес. Су үнемдеу, өркениетті экология қалыптастыру теңіз факторымен жаңа серпін алатын болады.

Көкарал – Баян арасына 51 метрлік бөгет тұра алады. Үшшоқы тұсына екі деңгейлі теңізге бола 50 метрлік бөгет жоспарланғанда, сондай бөгеттің Көкаралда тұра алмайтын несі бар?

Республикамыздың даму бағытында, өз суларымызды тиімді пайдалану саясаты да алдыңғы планға шықпақ. Олай болса, кең пішілген «Кіші Арал» ауқымы екінші бір тараптан – Сарыарқа, Қарақұмды көктеп өтіп келетін Ертіс, Есіл суларын қабылдауға дайын тұрады. Еліміз өмірі, тарихи ауқымда бұл іс көп уақыт алмаса керек. Бәлкім, біз көрерміз-көрмеспіз, оның игілігін ұрпақтар көретін болады.

Жоғарыдағы мәслихатқа «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі шақырған теңіз төңірегіндегі балықшы ауылдардың біраз өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақсақалдар қатысты. Олар осы айтылған негізді ойларды мақұлдасып, иран мамандарына тілек-үміттерін айта тарасты. Кіші теңіз деңгейі 52 м. (НПУ) болса деген ой да осыдан туған. Бірақ оған дария аяғына қосымша қауіпсіздік шараларын қосу қажет болады. Бұл үшін тым артық ақша жоспарланып отырған ПРРВСАМ-2 (САРАТС-2-нің жаңа атауы) екінші кезеңінің 2-компонентіне ұйғарылған қаржының бір бөлігін осы жұмысқа бұру керек болады. Ал судың режим-теңгерімі жоғарыда айтқан ауанда болмақ. Біз үшін басты мақсат – теңізді тірілту.

Екінші кезеңнің 2-ші, 3-ші компоненттері қаражаты жұртшылық арасында күмән туғызып отыр. Негізгі «Көкарал» бөгетінің көптен күтулі жұмысына енді іркіліс болмауы үшін, ертең, сәуір талқылауында сол компоненттерге талас туа қалғандай болса, оны кейін  өз алдына бөлек, оған тиісінше уақыт беріп, қайта қарау дұрыс болатын сияқты. Жедел басталуы тиіс «Кіші Арал» жұмысын енді кідіртуге олар себеп болмауы керек. Демек, әлі де пысықтауды қажет ететін бұл компоненттер мәселесі – негізгі жұмысты тоқтататын кінарат бола алмайды. Керісінше, ертерек басталған «Көкаралдың» нақты факторы (бөгет деңгейі, ақша көлемі ж.т.б.) әлгі, кейінгі компоненттер қаражатын анықтауда қажет ақша көлемін нақтылаушы фактор болуы мүмкін.

Осыдан біраз бұрын ХАҚҚ-нан қоғам белсенділеріне мәлім болған кейбір мәліметтерге қарағанда, «Кіші Арал» төңірегіндегі ел тілегі бір басқа да, қордың сөзі бөлектеу сияқты. Бізден мейлінше жітілікті, принциптілікті, сауаттылықты талап ететін бір жайт осы болуы мүмкін. Жалпы, халықтың көп жылдық үмітінің жолын кесіп, «өз дегеніміз болмаса, бұл істі жауып тастаймыз» деген сияқты қоқан-лоққы болмауы керек… 

Өткен жыл соңында, өз алдарына дербес, дария аяғындағы «Ақлақ» бөгетін жөндеу, «Көкаралды» қауіпсіздендірудің алғаш кезекті жұмысы – суды теңізге таратып құю арналары біршама дайын болды. Егер ПРРВСАМ бойынша жаңа «Көкарал» құрылысы жүзеге асатын болса, ендеше, мына тозған «Көкаралға» ертең топырақ, су астына кететін, 4,8 млрд теңгеден қалған миллиардтарды салудың қажеті болар ма екен деген ой бар. Ол бюджеттік ақшаны бүгін сұранып тұрған «Мырзас» су реттегішіне тиімді түрде бұрсақ қайтеді? САРАТС жобасының республика бюджетімен істеліп жатқан компоненттері аз емес қой. Бұл да соның бірі болады. Немесе, ертең басталар ПРРВСАМ-ға «қарыз» ретінде істелген жұмыс санатына жатқызуға болады. Шаруа бағыты айтады: ертең көтерілетін жаңа бөгет «астында» қалатын «Көкаралды» енді түбегейлі жамап-жасқаудың реті жоқ сияқты, оның есесіне «Мырзасты» тезірек орнатып алу керек.

Аралға жаңа зіл салған «Аспайдан» қалайда құтылу керек.

Біртұтас «Кіші Арал» идеясы қабатында Қамбаш көлінен Арал қаласына арна тарту жайы тағы сөз болып жүр. Бұл – күні өткен екі деңгейлі теңіз идеясының соқпа сөзі. Ана ойға бір, мына ойға бір аунай беретін дәйексіздікті доғару керек. Ол мәселені терең ұғынбаудан шығады. Ондай арнаны Сапақ, Тасбөгеттің сүрі тұзымен де, Шаян-Шөміш ойысын суға толтырумен де жүргізудің тиімі аз. Жер-өрісті тұздандырып бүлдіретін экозардабын айтпайық; болмысы теңіз-табиғат, суының емдік қасиеті бар Қамбаштың экологиясын бүлдіру, Сыр атырауының аз суын жырымшылау болады бұл. Қамбаштан төменде де он-сан халық отыр, өрісті жерлер бар. Бұл арна «Үшшоқыдан теңізді бөлеміз» деген ойға тағы жел беруі де мүмкін… Ал Бөген тармағымен тартылатын жағалық арна тек теңіздің аэрациясы (су араласуы) үшін, ирандық жобалаушылар осыны қажет деп тапқандықтан ғана керек. Бұл тармақ балықтың дәстүрлі уылдырық шашатын басаттарымен түседі, онан жерге сіңген су өрісті тұздандырып, айдалаға босқа сіңбей, теңіздің өзіне барып құятын болады. Осы бағытты Бөген тармағының бастапқы бөлігі дайын тұр.

Сыр аяғында жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстар төңірегінде кейде бос шу-дабыра бар. Әлеуметтік желілерде қисынға келмейтін сөздер, адам күлерлік ой-пайымдар, популистік шалқымалар бар. Оларға мән бермесе де болар еді, бірақ қоғамдық пікір дегеніңіз осы күні соларға да құлақ түреді. Саяси ұпай, қоғамдық бедел бұлай жиылмайды ғой. Ары тарт та, бері тарт сөздер ел тілегін, орнықты, мақсатты тірліктердің сындарлы жолын бүлдіріп, бұза тартып кетпесе жақсы. Кесімді сөзде, ойда нақтылық, біліктілік – адастырмас сенімді тұғырлар.

Біздің назарымызда өткір аса маңызды жайт – Сырдарияның су режимі. Солтүстік Арал теңізі және жоспарда бар бірнеше су қоймалары, Шардарадан төменгі дария бойындағы су пайдалану саясаты – бұлар аса үлкен сабақты әңгіме тақырыбы. Өткен қыс бұл саладағы көптеген осал тұстарды көрсетіп берді. Өткен үш жарым ай Сыр арнасымен келген ризық-игіліктен құтымыз қашып, сонан қалай құтыларды білмей абдырадық. Қысқы су да Аралдың, дарияның несібесі ғой. Әйтпесе, бізге артық суды кім беріп жатыр? Енді бүгін 1,5 метр түскен Аралдың жарты метр көтерілгені дабыра. Арнасай деген апанға біраз суымыз кетті, оңтүстік аудандарда жайылған судың зиянды соры мен батпағы әлі кеппестен жатыр (мамандар мәліметі), теңізге жете қоймаған қарғын су төменгі аудандар жерін басып, жолдарын орып кетуде… Сыр мәселесі – бір төбе.

Алдағы сәуір талқылауы алдында кей ой осындай. Ел не дейді?

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<