Редакциямызға Қызылорда қаласы, әл Фараби көшесінің тұрғыны Кенжегүл Әбдікәрім шет аймақтың шетін мәселелерін айтуға арнайы келіпті.
– Отбасымызда 10 адам бар. Оның бірі – студент болса, бірі – оқушы. Осы жағдайды ескеріп, №198 мектеп компьютер берген еді. Бірақ интернеттің болмауынан соны пайдалана алмай отырмыз. Балаларым «Қазақтелекомға» барған еді, ол жақта байланыс нүктесі жоқ депті. Бізді қынжылтатыны – қалада тұрып интернеттің игілігін көре алмауымыз, – дейді ол.
Зейнеткер отбасының атынан тағы бірнеше ұсыныстарын айтты.
– Шағын ауданымызда әлеуметтік дүкен мен дәріхана ашылса екен. Ұлыммен бірге Алматыдағы әскери госпитальда тегін емделеміз. Маған керекті бір дәрінің өзі 22 мың теңге тұрады. Одан да басқа алатын дәрі-дәрмегіміз бар. Сондықтан әлеуметтік дәріхана ашылса, бізге ғана емес, тұрғындарға да көп көмегі тиер еді. Қаланың басқа аудандарындағы әлеуметтік дүкендер желісі шет аймаққа да керек-ақ.
Әсіресе, интернеттің тартылмауы балалардың сабағына қиындық туғызуда, сондықтан өтінішімді облыстық «Сыр бойы» газеті арқылы жеткізуді жөн көрдім, – дейді оқырманымыз.
Біз ұсыныс-пікірді басылым арқылы жеткізуді мойнымызға алдық.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<