Шежіреден сыр шерткен қаламгер

662

0

Сырдария ауданының 95 жылдығына орай бүгін аудан орталығы Тереңөзек кентінде «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың 80 жасқа толуына орай «Шежіреден сыр шерткен қаламгер» тақырыбында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен байқауға облыстың барлық аудандарынан ақындар қатысып, бақ сынады. Қабырғалы қаламгердің өнегелі өмір жолы ақындар жырына арқау болды.

Жарыс қорытындысымен сырдариялық Бақтөре Айтбаев бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орын қармақшылық Тұрар Бекмырзаевқа бұйырды. Екінші орынды Шиеліден келген талантты ақын Рахметолла Жолтаев еншілесе, үшінші орын жүлдесі Сырдария ауданынан қатысқан талапкер Ақерке Әбдіғаппарқызына табысталды.

Барлық қатысушы ақындар дипломдар мен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Тынышбек Дайрабай ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры. Сондай-ақ бірнеше ауданның және Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы».

Айта кетейік, Тынышбек Майлыбайұлына ҚР Президентінің 20 қазандағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Жерлесімізді мерейлі жасымен құттықтаймыз.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<