Шиелі: газ желісі ауылдарға жетті

591

0

Сыр өңірінде облыс, аудан орталықтары ғана емес, аймақтағы ауыл тұрғындары да көгілдір отын игілігін көре бастады. Ұзаған жылдың мәресінде Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев ауылы газға қосылса, кеше Бидайкөл елді мекені табиғи газға қол жеткізіп, ауылдағы ағайын мәре-сәре болып қуанып қалды. Иә, аймақты газдандыру жұмыстары қалың елдің көз алдында. Нақты кезеңде облыс халқының 64 проценті, ал Қызылорда қаласы тұрғындарының 95 проценті табиғи газ тұтынып отыр. Бұл мүмкіндікке Елбасының тікелей бастамасымен қол жеткізілді.

Елбасы тапсырмаларына сай еліміздегі көптеген қор­даланған әлеуметтік мәсе­лелердің түйінін тарқатуға сеп­тігін тигізген шаруалардың алдыңғы қатарында елді мекендерді газдандыру жұмыстарын айтар едік. Бұл жұмыс халықтың тұрмыс-тіршілігін едәуір жақсартты десек, артық айтқандық емес. Осындай игі бастама нәтижесінде Сыр өңірінің екі қиырындағы төрт бірдей ауданында газдандыру жұмысы қатар басталды. Нақты кезеңде Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының халқы көгілдір отынның игілігін көріп,  «Газ келді, газбен бірге жаз келді» деп қуанышты тіршілік етуде. Бұл өскелең шара басқа аудандарда  да жалғасын тауып, халықтың ертеңге деген сенімі мен ынтымағын нығайта түскендігі анық.

«Сыр бойы өңірінің экономикалық-әлеуметтік дамуы барысында айтарлықтай орны бар шырайлы Шиелі ауданында жоғарыда айтылған газдандыру жұмысы ерекше қарқынмен дамып келеді. Мәселен, нақты кезеңде аудан орталығы Шиелі кентіндегі 5600 үйдің 5216 -сы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Тұрғын үйлердің бірқатары көпқабатты үйлердегі пәтерлер болғандықтан, оларға газ кіргізу техникалық қауіп­сіздік тұрғысынан шешімін тапқаннан соң ғана жүзеге асырылатындығы түсінікті.   

Сондай-ақ, кенттегі 160 ірі кәсіпорын мен 110 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына газ кіргізілген. Заңды тұлғалар мен кәсіпкерлік құрылымдарға техникалық шарт және наряд беру де «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалы арқылы жүзеге асырылады, мұның белгілі бір уақыт алатындығы  түсінікті болса керек.

Кент орталығындағы 8 бі­лім беру мекемесінің (№ 47, 48, 127, 219, 244, 270, оқу­шылар үйі, №47 мектептің ескі ғимараты) және «Арман» мәдениет үйі жылу қазандықтарын газбен жылытуға ауыстыру үшін  облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Қызылорда қаласындағы СМП ЖШС мекемесі өз қаржысы есебінен жоғарыда аталған 8 білім беру мекемесіне және «Арман» мәдениет үйі жылу қазандықтарын газға ауыстыруға облыстық энергетика және коммуналдық шаруа­шылық басқармасымен келісім­шарт жасап, қазір бұл жұмыс  басталды.

Сонымен бірге, денсаулық саласынан 2 жоба орталық емхана мен аудандық аурухананың бу қазандықтарын газға ауыстыруға мемлекеттік сарап­тамаға енгізілді. Спорт кешені бу қазандықтарын газға ауыстыруға ЖСҚ даярланды, жуырда мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс.

 

«– Елбасы тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқан газдандыру жұмысын өз мерзімінде орындауға жергілікті атқарушы орындар мүдделі. Осы орайда тиісті мекемелермен түсіністікте жұмыстар ұйымдастырудамыз,–дейді Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы. – Газдандырудың игілігін аудан орталығынан өзге ауыл тұрғындары да тезірек көрсе екен деген ниетпен шеткі елді мекендерді газ жүйесіне қосу жұмыстарын ұйымдастырудамыз. Бұл орайда  тиісті құзырлы мекемелермен қатар ауыл тұрғындарының да ынта­лылығы қажет. Сондықтан түсіндіру жұмыстарымен бірге, нақты қолдау шараларында қолға алдық. Өткен жылдың соңында Жақаев ауылы газға қосылса, жуырда яғни, 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Бидайкөл ауылы газға қосылды. Жақын мерзім аралығында Н.Бекежанов, Алғабас, Төңкеріс ауылдары тұрғындарын да табиғи отынмен қамтамасыз етеміз деген жоспар бар.

Иә, жоғарыда аудан басшысы айтқан Бидайкөл ауылы тұрғын үйлеріне газ жүргізу жұмысын «Демеу ИК» ЖШС өз қаржысы есебінен жүргізілуде. Бүгінгі күнге 21 ш.м көше қазылып газ жүргізуге құбыр тарту жұмыстары жалғасып келеді. Аталған ауыл тұрғындарына 280 мың теңгеге көшеге газ құбырын жүргізу, тұрғын үйге газ кіргізу,  газ плитаға және газ пешіне қосу, жылу жүйесін қосу және құжаттарын заңдастыру жұмыстары да қоса атқарылуда. Бидайкөл ауылы бойынша газ жүргізуге «Демеу ИК» ЖШС-на 340 тұрғынмен келісім шарт жасалынған. 330 азамат 50 мың теңгеден қаржы төлеген, қалған қаржы келісімшарт бойынша төленеді. Тұрғындардан арыз қабылдау, қаржы жинау жұмысы жалғасуда. Осындай қарқынды жұмыс нәтижесінде қазіргі таңда ауыл тұрғындарының 50%-і газды пайдаланып отыр.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<