Шиелі: дамудың жаңа кезеңі

1833

0

Жыл басынан бері Шиелі ауданындағы өнеркәсіп орындары 24,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыр­ғанда нақты көлем индексі 107,8% құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 8,5 млрд теңге.  Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 180,9%-ке  артық. 1 қазандағы мәлімет бойынша ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5183-ке жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 113,4 %-ке артып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Шиелі ауданында Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысын баяндаған аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков осындай деректер келтірді.

– Өздеріңізге белгілі, биыл мемлекет үшін де, халық үшін де қиын уақыт болды. Елімізде таралған жұқпалы індет біздің ауданымызда да тіркелді. Дегенмен, ежелден еңбекқорлығымен танылып, еңбекші халық атанған аудан тұрғындары бүгінде тынымсыз тіршілікке ден қойған, –  деген аудан басшысы 9 айда атқарылған жұмыс­тарға қысқаша тоқталып өтті.

Жылдық көрсеткіші 26,6 млрд теңгені құрайтын аудандық бюджеттің кірісі 1 қазанға болжамдалған 18,1 млрд теңгенің орнына 18,7 млрд теңгеге немесе 103,2%-ке, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 1,4 млрд теңгенің орнына 2 млрд теңге болып, яғни 140%-ке немесе 579 млн теңгеге артығымен орындалды. Облыс­тың оңтүстігінде орналасқан аудан аграрлық саладағы жетістіктерімен мақтана алады. Жыл басынан бері аудан екі жарым мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарған. Атап айтқанда, 120 тонна ақ күріш, 451 тонна көкөніс, 1855 тонна бақша дақылдары Ресей және Қырғызстанға экспортталды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Ақтөбе және Жаңаөзен, Шымкент, Ақтөбе, Ақтауға 390 тонна ақ күріш, 430 тонна қарбыз, 1500 тонна қызанақ және 875 тонна жоңышқа сатылды. Ауданда  29461 гектар жерге егін егіліп, одан 23,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп отыр. Бұл өткен жыл көрсеткішінен 104%-ке артық. Өзбекстанның «Organic solutions» компаниясы мен ауданның 3 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бірлесіп, 60 гектар жерге (40895 дана көшет) алма, жүзім және түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Оған қоса Сұлутөбе және Қарғалы елді мекендерінде жеке кәсіпкерлер 5 гектарға алма және жеміс ағаштарын екті. Ауданда 6 жылыжай жұмыс істеуде.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл Шиелі ауданындағы білім мекемелері ғимараттарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 668 млн теңге бөлініп, 1 мектеп күрделі, 1 мектеп ағымдағы, 2 балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 224,6 млн теңгеге 1 мектеп күрделі жөнделді өтті. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 293 млн теңге қаржы бөлініп, 23,5 шақырымды құрайтын 68 көшеге жөндеу жасалған.  Сондай-ақ, 11 елді мекенде ұзындығы 23 шақырым 27 көшеге 224,4 млн теңгеге күрделі, орташа және жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Шиеліде жаңадан 3 сауда дүкені және 1 күріш ақтау зауыты іске қосылды.

Қазір Шиелі кенті бойынша жеке тұрғын үйге газ кіргізуге 6384 өтініш тіркеліп, оның 6358-іне монтаж жүргізіліп, 6351-і газ пайдаланып отыр. 190 мекемеге газ кіргізілген.

Брифинг барысында Қ.Мү­ба­раков кент, аудан тұр­ғын­дарын көптен мазалап жүрген бірқатар мәселелерді шешу бағытында қолға алынған жұмыстарды атап өтті. Соңғы жылдары күріштіктен шығатын К-1, К-4 қашыртқыларының кент ішінен өтуі себепті жерас­ты суы көтеріліп, кей үйлерге қауіп туындаған болатын. Ал жерасты суын төмендету мақсатында өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған тік дренаждардың барлығы  істен шыққан. Облыстық бюджеттен 266 млн  теңге қаржы бөлініп, аудан орталығына жаңадан 10 скважина (тік дренаж) орналас­тыру жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін және жалпы қажеттілікке сәйкес, бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан, Шиелі станциясының «Шиелі-20 бекет» учаскесі 2945 шақырымындағы темір жол арқылы өтетін автомобиль жолы көпірі құрылысы басталған. Құрылысына 673 млн теңге бөлінген бұл нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.  Сол секілді «Самара-Шымкент» автомобиль жолы бойындағы Жөлек учаскесіндегі Сырдария өзенінен өтетін қалқымалы көпірді күрделі жөндеуге 103,3 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары аяқталды.

Аудан әкімі, сондай-ақ, денсаулық, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала бойынша жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынып, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<