Шиелі: Ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады

225

0

Шиелі ауданында өткен жылы жүйелі жұмыстар атқарылған. Аудан бюджеті 14 млрд 977 млн теңге болып бекітілсе, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 127,4, өңдеу өнеркәсібі 143,3, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 124,4, құрылыс жұмыстары 116,7, жеке тұрғын үй құрылысының  жалпы ауданы 112,9, бөлшек сауда көлемі 105,5 пайызға артқан. Бұл туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтып берді.

Ауданда кәсіпкерлік саласында қарқын бар. Шағын және орта кәсіпкер саны 6363-ке жеткен. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша 359 жоба қаржыландырылған. Былтыр 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 127 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл жобалық құны 60,6 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олар іске қосылса, 230-дан астам адам жұмыспен қамтылады. Солардың бірі – «Таң ЛТД» ЖШС-ның жүгері дақылын кептіру және терең өңдеу жобасы.  Биыл іске қосылып, өнім өндіреді.

Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар. Былтыр 31799 гектар жерге егін егілген. Негізгі дақыл күріш 13098 гектарға себіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынған.

– Суды үнемдеуде тамшылатып суару әдісімен 2050 гектарға көкөніс және  бақша егілді. Алдағы уақытта жүгері және басқа да дақылдардың көлемі ұлғайтылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы техника паркі кейінгі  4 жылда жаңа үлгідегі отандық және шетелдік техникамен жаңарды.  Төрт түлікті түлеткен шаруалардың арқасында мал басы еселенді. Ірі қара, жылқы, түйе, қой мен ешкі саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан, – деді аудан әкімі.

Шиелі кентін аяқсумен қамтамасыз ететін «Базар», «Байсары» каналдарының  4,8 шақырымына темірбетонды лоток салынған. Бұдан бөлек кенттегі 11 көшеге де орнатылды. Биыл аудандағы 12 каналды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Тұрғындарды электр энергиясымен қамтуда бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Кенттегі электр желілерін қайта жаңғыртуға қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен желілер ауыстырылды. Шиелі кентіндегі қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 2,3 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Бидайкөл», «Жиделіарық», Ә.Тәжібаев, «Ақмая», «Бестам» ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілеріне республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс жалғасуда. Биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Электрмен қамтуға байланысты 15 жобаны қаржыландыруға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне, облыстық басқармаларға ұсыныс берілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Бидайкөл», Ш.Қодаманов ауылдарының желілерін жаңғыртуға қаржы бөлінді.

Ауданда газдандыру жобаларына 30 млрд теңге  қаралып, 330 шақырым газ желілері салынуда. «Ортақшыл», «Бәйтерек» ауылы мен 22 бекет тұрғындары «көгілдір отын» игілігін көрді. Нәтижесінде аудан тұрғындарының газбен қамтылу көрсеткіші 80 пайызға жеткен. М.Шоқай елді мекенінде АГТС орнатып «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры тармағын салу, түзету қолға алынды. Осы жоба аясында «Тартоғай», «Сұлутөбе», «Майлытоғай», «1 Мамыр», «Бәйгеқұм», Бала би, «Жөлек» елді мекендері газға қосылады.

Брифингте аудан әкімі елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Аудандағы барлық елді мекенді ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуде «Тақыркөл» бас су торабынан №3 сорғы станциясына дейін магистральды су өткізгішінің екінші желісі 32,4 шақырым құбыр жүргізіліп, насос қондырғылары орнатылды. «Ақтам», «Ызалы» елді мекендеріне су тұшытқыш қою жоспарланды. Биыл ауданды ауызсумен қамту 100 пайызға жетпек.

Биыл Ұлттық қордан «Самара-Шымкент» жолының 8 шақырымын жаңғыртуға қаржы қаралды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ә.Тәжібаев, «Бәйгеқұм», «Тартоғай», Жақаев ауылдарындағы 22 көшеге күрделі жөндеу  жүргізіледі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<