Шиелі тұрғындарына жаңа баспана кілті табысталды

582

0

Биылғы шежірелі өңіріміз бен бірнеше ауданның жылнамасындағы тарихи жыл ауқымды іс-шараларымен, жарқын жетістіктерімен есте қалмақ. Атаулы жыл аясында бүгін Шиелі ауданында 50 отбасы баспаналы болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пәтер иелеріне кілт табыстау рәсіміне қатысып, жерлестерін құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп, осы реттегі жұмысымызға бағыт көрсетті. Баспана қалың көпшіліктің тұрмыстық қажеттіліктерінің ең негізгісі болғандықтан, мемлекет тұрғын үйге мұқтаж жандарды қамтамасыз етуге баса мән беріп келеді. Аймақта, Шиелі ауданында пайдалануға берілген үй көлемі жыл сайын артуда. Тамыз айында «Көкшоқы» мөлтек ауданынан 3 қабатты 18 пәтерлі 4 тұрғын үйді пайдалануға беріп, 70-тен аса отбасының қуанышын еселедік. Облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 400-і аудандарға тиесілі. Міне, бүгін Шиеліде 50 отбасы өз баспаналарына кіріп, қоныстой тойламақ. Жаңа шаңырақтарыңызға шаттық пен жақсылық тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Қоныстой иелеріне еңбек ардагері Киікбай Смайылұлы ақ батасын берді.

Іс-шарада «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Шиелі кентіндегі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тұрғын үйлер салып, пайдалануға беруге үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аймақта тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жыл өткен сайын артып келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында былтыр 683,2 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл 692,3 мың шаршы метр баспана табыстау көзделген. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<