Кеше Шиелі аудандық мәдениет үйінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстың бас ақыны, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Махамбетқали Тұрсановтың 85 жылдығына арналған «Ақындықтың тұғырынан түспеген – Махамбетқали» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Іс-шараның мақсаты айтыс мәдениетінің баға жетпес асыл мұрасын халыққа жан-жақты насихаттап, суырып салма өнердің дамуына үлес қосқан Сыр елінің бас ақыны Махамбетқали Тұрсановтың өмірін, сан қырлы өнерін, шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа дәріптей отырып, оның өшпес мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау. Айтыс – қазақ халқы үшін бүгінгі күні ұлттық құндылыққа айналып үлгерген өнер түрі. Оны қазақтың төл өнері десек, оның шығу, даму тарихын білуіміз керек. Ал әрбір зерделі сөз иесі айтыскер ақындардың өнерін дәріптеу парыз.
Мәдениет саласының ардагері И.Байкенжеев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Ә.Сыздықов, ҚР Мәдениет саласының үздігі К.Жүсіп қазылық жасаған байқау қорытындысында бас жүлдені сырдариялық Мансұров Мұхамеджан, І орынды шиелілік Ержігіт Бекжан, ІІ орынды қармақшылық Әділбек Сырым, ІІІ орынды қызылордалық Бектай Ұлықбек пен жаңақорғандық Абдуллаев Мұхаммедәли иеленді.
Сондай-ақ, М.Тұрсановтың ұл-қыздары өздерінің атынан айтысқа қатысушыларға қосымша сый-сияпат табыстады.





