Бейсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінде Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен брифинг өтіп, онда жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды.
Аудандық бюджет кірістерінің 2022 жылға жалпы жоспары 22 млрд 957,5 млн теңге болып бекітілсе, 1 қыркүйекте жоспар 13 млрд 854,6 млн теңгеге немесе 108,8%-ға орындалған. 3623 жаңа жұмыс орынын құру жоспарланса, 8 айдың қорытындысында 2175 жаңа жұмыс орыны құрылған немесе 60%-ға орындалған.
– Жеті айдың қорытындысы бойынша ауданның барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы қалыптасты. Мәселен, өнеркәсіп өнімін өндіру 108,6%-ға, өңдеу өнеркәсібі 107,2%-ға, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7, сауда айналымы 3,9, құрылыс жұмыстарының көлемі 42,6, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 5,8%-ға артса, инвестиция тарту 13,2%-ға ұлғайды, – дейді аудан әкімі.
Есепті мерзімде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны – 5564. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 5265-ті құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 102,6%-ға артқан. Биыл 25 млрд теңге инвестиция тарту межесі бекітіліп, 7 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 млрд 547 млн теңгені құраған.
– Шиелі кентінің шығыс жағынан индустриалық аймаққа 96 гектар жер беріліп, 2 млрд 865 млн теңгеге толықтай инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 487,5 млн теңге бюджет қаражаты есебінен жүргізілсе, қалған 2 млрд 377,5 млн теңге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылды. Бүгінде индустриалық аймақтың 96 гектар жер телімінің 90 гектарына жобалық құны 70,6 млрд теңгені құрайтын 18 жобаға жер телімі бөлініп, оның ішінде 5 жоба іске қосылды. Жобалар толықтай жүзеге асырылған кезде 533 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. 7 айда индустриалық аймақта жұмыс істеп тұрған 4 жоба арқылы 14 млрд 710 млн теңгенің өнімі өндірілді, – деп атап айтты Нұржан Сәбитұлы.
Биыл барлығы 30,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Аудан әкімінің айтуынша, жыл басында негізгі дақыл – күріштің межесі 8500 гектар болған. Облыс әкімінің қолдауымен 12000 гектар егу мүмкіндігі берілді. Дегенмен де шаруа қожалықтары вегетация кезеңінде су тапшылығына байланысты тәуекелдің алдын алып, барлығы 10750 гектар жерге екті.
– Азық-түлік қауіпсіздігін, тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, басқа да бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге қатысты шаруашылық құрылымдары тарапынан ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан қосымша дайындалған 81,1 гектар жер көлемі 350 отбасыға бөлініп беріліп, бүгінде оның 12,1 гектарына картоп, 35,5 гектарына көкөніс, 33,5 гектарына бақша дақылдары егіліп, өнімдері жиналуда. Қазіргі баға тұрақсыздығының алдын алу, халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға ерекше маңыз берілуде, – деді аудан әкімі.
Құрылыс, сәулет саласы бойынша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жалпы құны 15,9 млрд теңге болатын 65 жоба ұсынылды. Оның ішінде 31 жоба қысқа мерзімді, 24 жоба орта мерзімді, 10 жоба ұзақ мерзімге белгіленген. Сонымен бірге, 7,3 млрд теңге болатын бірінші кезекте қажетті 30 жоба іріктеліп, жоба-сметалық құжаттары демеушілер есебінен дайындалды. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысының жұмыстары жүруде.
– Бүгінде Шиелі кенті және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов ауылдары, яғни, аудан халқының 60%-ы «көгілдір отын» пайдалануда. Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын Еңбекші, Жиделіарық, Бестам, Ақтоған елді мекендерін газбен қамтамасыз ету бойынша жобалар тиісті министрліктерге тапсырылды. Ал Алмалы, Телікөл ауылдық округтерінің жоба-сметалық құжаттары сараптама қарауында. Болжамды құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен құрылысшылар мерекесі қарсаңында құны 2,1 млрд теңгені құрайтын «Мұстафа Шоқай» автоматты газ реттегіш станциясының құрылысын бастадық. Тартоғай, Майлытоғай ауылдарының ішкі газ желісінің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының 85%-ы газбен қамтылатын болады, – деп атап өтті Нұржан Ахатов.
Аудан бойынша сапалы ауызсумен 34 елді мекеннің 88%-ы, 84 мыңнан аса тұрғынның 98%-ы қамтамасыз етілген. Оның ішінде, орталықтандырылған ауызсу жүйесімен 23 елді мекен, жергілікті су көздері (скважина) арқылы 7 елді мекен қамтылған. Ауызсу «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі арқылы берілуде. Ақтам, Қызылқайың және Қосүйеңкі елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету жобасы сараптама қарауына ұсынылса, келер жылға Жуантөбе және Лесхоз (Ызалы) елді мекендеріне су тұшытқыштар орнатуға қажетті 34 млн 456 мың теңгеге өтінім облыстық бюджеттен қаралуға тапсырылған.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің басымдығын негізге ала отырып, жыл басынан бері 15 адамнан жалпы көлемі 7520 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған.
– Ауданда Еңбекші, Жаңатұрмыс, Ақтоған ауылдық округтерінде егістік және жайылымдық жер мәселелері бар. Туындаған мәселелерге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап, айтқанда Еңбекші ауылдық округіндегі орналасқан көлемі 500 гектар жайылымдық жер учаскесі жыл соңына дейін елді мекеннің жайылымына қайтарылатын болады. Ең бастысы, егін егуге, мал жайылымына жағдай жасалып отыр, – деді аудан басшысы.
«Балалар жылы» аясында да ауданда бірқатар іс-шаралар өткізіліп, жұмыстар атқарылған. Мәселен, 19 іс-шара ұйымдастырылса, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес демеушілер есебінен 5 балалар ойын алаңын салу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Үшеуі аудан орталығында, екеуі Бәйтерек және Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде салынатын болады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<