Шиеліде жылу беру маусымы қалыпты

1011

0

Шиеліде 147 әлеуметтік нысанға жылу беріледі. Олардың ішінде 23 ғимарат дизель отынына қосылған. Ал 100 мекеме көмірмен жылынса, 24 нысанның жылу жүйелері «көгілдір отынға» қосылыпты. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Жылу беру маусымында сұйық отынға қатысты келісім-шарт жасалған. Қажетті 976 тонна дизель отынын сатып алу конкурсы арқылы ұтқан жауапты мекемелер шартқа сәйкес дер кезінде жеткізіп беруде.

– Аудандағы әлеуметтік сала бойынша 8739 тонна қатты отын, яғни, көмір қажет болса, бұның барлығы 100 процентке орындалып отыр. Ал жеке тұрғындарға 13 мың тонна көмір қажет. Бүгінге дейін «Шұбаркөл» маркалы көмірінің 10700 тоннасы жеке кәсіпкер «Жаңатас» арқылы сатылуда. Бағаны тұрақты ұстау мақсатында ЖК «Нұрманов» және ЖК «Жаңатас» мекемелерімен бір ауыздан ұйғарымға келіп, тоннасы 14500 теңгеден таразы арқылы босатылып жатыр. Қалған қажетті көмірді аталған кәсіпкерлер жеткізетін болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Ерсұлтан Амантайұлының айтуынша, ауданға күнделікті келген 3-4 вагон көмір дер кезінде өтіп кетеді. Сондай-ақ оны тасымалдайтын вагондардың да жетіспеушілігі байқалып отыр. Қазір көмір тасымалдаушыларға қосымша 8 мың тонна қатты отын әкелуге тапсырма беріліпті.

Ал «көгілдір отынға» қосылған әлеуметтік нысандар аймақтық «ҚазТрансГаз» АҚ-мен 614556 текше метр газға шартқа отырған.

Жалпы ауданда барлық ғимаратқа жылу беру 15 қазаннан басталды. Қазір әлеуметтік сала бойынша жылыту жұмыстары өз қалпында тұр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<