Шиелілік диқандар үлкен дайындықпен кірісті

598

0

Сурет ашық дереккөзден

«Көктемнің бір күні – жылға азық» екенін есте ұстайтын диқан қауымы күн жылысымен дала қосына шығып, егіннің қамына кірісері белгілі. Жерге дән тастаудан бұрын да қыруар шаруа бар. Су жолдарын тазалау, тұқым дайындап, оны сұрыптау, сонымен қатар үстеп қоректендіруге осы бастан әзірлік керек. Жалпы жер жұмыстарының барлығы техника күші, маман механизаторлардың  тиянақтылығы арқасында жүзеге асады. Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековпен пікірлесуде қарбалас еңбектің қазіргі жайын сөз еткен едік.

Оның айтуынша көктемгі дала жұмыстары аудан диқандары тарапынан  қарқынды жүруде. Биыл Шиелі ауданы 30109 гектарға егін егуді жоспарлап отыр.

– Күріштің үлесі 11000 гектарға жоспарланған, – дейді бөлім басшысы. – Сондай-ақ әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, бидай 1421 гектарға, тары мен жүгері  1250 гектарға, майлы дақылдар 1020 гектарға, малазықтық дақылдар 9923 гектарға және картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін 5495 гектарға ұлғайту көзделуде. Ауданымызда осы көлемдегі күрішті ірілі-ұсақты 95 шаруа қожалық игереді.

Қазір 6123 гектар ескі жоңышқа түгелдей тырмаланып бітті. Ұзамай суғарылады. Бұл – күні ертең жоңышқа бізтұмсығының жайлап кетпеуі үшін атқарылатын агротехникалық шаралардың бастысы. Сондықтан оған аса мән беріп, бөлім тарапынан қадағалануда. Сонымен бірге 3500 гектар жерге жаңа жоңышқа орналастырып үлгердік. Майлы дақыл мақсарының 95 пайызы егілді, яғни, жұмыс барысы алдын ала жасалған кесте бойынша сапалы атқарылып отыр. Айтпақшы дән жүгері алқабын дайындау жұмыстары да қатар жүзеге асырылып келеді. Оны 900 гектарға егу жоспары жасалған. Бұл орайда сырттан инвестор тартумен қатар өзіміздегі тәжірибелі ауыл шаруашылығы мамандары тартылуда. Ұзақ жылдар бойы аудан әкімінің орынбасары болған Тұрмат Жағыпбаров осы шаруаны қолға алды. Оның нәтижесі жоғары болады деген сенімдеміз.

Жалпы Шиелінің бақша өнімдері дәмділігімен қатар көз тартар сыртқы көрінісімен де ерекше. Теміржол арқылы әрлі-берлі өткен жолаушылар стансадан түсе Шиелінің сары торламасы мен әңгелегін, қарала қарбызын іздейді. Бұл біздің брендіміз десек те жарасады. Осы орайда аудан диқандары 2440 гектарға бақша дақылдарын егеді.

Кейінгі жылдары су үнемдеу, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін біртіндеп молайту жөнінде пікірлер көбірек айтылып жүр.

Рас, бұл – өзекті мәселе. Жоғарыдан келетін су тапшылығынан осы мәселенің туындауы заңдылық. Ағымдағы жылы суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісімен егілген көкөніс, бақша дақылдарын биыл 780 гектарға жеткізу көзделген. Шаруашылық жерлерінен және жеке тұрғындар есебінен су үнемдеу әдісімен көкөніс және  бау-бақша дақылдары егіледі.

Облыс әкімі жеке тұрғындардың егін егуіне мән беріп, оларға қолайлы жағдай жасау, техника және суғару мәселесіне көмек көрсету туралы нақты тапсырма берген еді. Осыған орай шаруашылық құрылымдары арасында жер дайындап беру мен үлестіру бойынша 1550 гектар жерді игеру жоспарланған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда анағұрлым артық.

Жалпы ауданда егін егуге дайындық жақсы. 2750 тонна күріш тұқымының 256 тоннасы жоғары сұрыпты I репродукция және 2164 тоннасы II репродукциялы тұқымдарға жатады. Олар «Лидер» және «Маршал» сорттары. Сонымен бірге, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер дайындау жұмыстары да ойдағыдай. Биыл егілетін егістікке 14080 тонна минералдық тыңайтқыш қажет болса, 100 пайыз алынған.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы бойынша арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің 56,6 пайызы алынған. Қалғаны өз уақытында дайын болады.

– Ауылшаруашылық құрылымдары бүгінде жаңа үлгідегі «МакДон», «Джон Дир», «Класс», «Енисей», «Есіл» маркалы соңғы үлгідегі техникаларымен толыққан. Жалпы аудан бойынша кейінгі 4 жылда отандық және шетелдік техникалармен 63%-ға техника паркі жаңарды. 2024 жылдың 2 айында шаруашылықтар жаңадан 7 техника алып, 106,142 млн теңге инвестиция тартылды. Көктемгі дала жұмыстарына 581 техника қатысуда.

Аудандағы шаруашылықтар тарапынан 1815 тонна арзандатылған дизель отынына сұраныс жасалып, «Госагро» порталы арқылы электронды түрде өтінімдер жолданды. Арзандатылған жанар-жағармайдың бір литрі 248 теңге болып бекітілді. Шаруашылықтарға қазіргі таңда 502 тоннасы алынды, – дейді Мұрат Әшірбеков.

 Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<