Сурет ашық дереккөз
1 шілдеден бастап республикалық бюджеттен «Алтын алқа» алған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Тиісті норма ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген және Мемлекет басшысы қол қойған ҚР Әлеуметтік кодексі 9 заңды шоғырландырды және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың құқықтық негіздерін нығайтуға әрі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейтуге бағытталған.
ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін кезең-кезеңімен халықаралық стандарттар деңгейіне келтіруге, халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушілердің әлеуметтік тәуекелдердің салдары үшін ортақ жауапкершілігінің рөлін күшейтуге, азаматтардың проактивті формат арқылы мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының ашықтығы мен атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Құжаттың жаңашылдығының бірі – «Наградталған ана» деген жаңа ұғымды енгізу болатын.
Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі.
Бүгінгі таңда 6, 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей көлемде жәрдемақы алады.
ҚР Әлеуметтік кодексінде наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.
Мәселен, «Алтын алқамен», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған,
«Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі.
Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарды қамтитын болады.
Жәрдемақы алушыларға 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның мөлшерін арттыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асатынын атап өту қажет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<