Шипаның басы – шұғыл көмек

2479

0

Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультке шалдықса, оның жартысынан көбі мүгедектікке ұшырайды. Тіпті мамандар кейінгі уақытта инсульттің жасарып бара жатқанын айтады. Ем нәтижелі болу үшін әрбір секунд маңызды. Сондықтан  елімізде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, сапасын жақсарту мақсатында инсульт орталықтары ашылуда.

Биыл мамыр айында Арал көпбейінді орталық аудандық ауруханасында 17 төсектік инсульт бөлімшесі жұмысын бастады. Бүгінде мұнда 13 адам емделуде.  Сексеуіл кентінің тұрғыны Сұлтанбек Даурбаев орталық қызметіне ризашылығын білдіріп, алғысын айтуда. 68 жастағы пациент тез сауығып келеді.

– Мен гаражда жұмыс істеп жатқан едім, қолымдағы құралым түсіп кетті. Көтергім келді, бірақ көтере алмадым, өйткені сол қолым ұйып, бет-аузым қисайды. Жедел жәрдем шақыртылып, шұғыл аудандық ауруханаға жатқызды. Қазір жақсымын. Тез сауығып кетемін деп үміттенемін. Дәрігерлерге мың алғыс, – дейді ем алушы.

Дәрігерлер инсульттің алғашқы белгілері байқалғанда өте жылдам әрекет ету керек екенін айтады. Бөлімшеде шұғыл әрі сапалы көмек көрсету мақсатында нейрохирургтармен, реаниматологтармен және КТ, МРТ диагностикасымен тығыз байланыста болу үшін көпсалалы топ құрылған.

– 2022 жылдан бері бөлімшеде компьютерлік томограф үздіксіз жұмыс істейді. МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, біз барлық пациенттерге медициналық көмек көрсетеміз. МӘМС жүйесінің арқасында консультациялық-диагностикалық және басқа да медициналық қызметтерге қолжетімділіктің артуы ауруды ерте кезеңде анықтау деңгейін жоғарылатқанын атап өткім келеді, – дейді бөлімше меңгерушісі Нұржігіт Сералиев.

Биыл ТМККК және МӘМС шеңберінде Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 7,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<