Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте мамыр айындағы мерекелерді атап өту және кезекті оқу жылын қорытындылау мәселелері қаралды.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов мерекелер мен атаулы күндердің негізгі идеологиялық бағыттары бойынша баяндама жасады.
Аймақ басшысы іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керектігін назарға салды.
– Мамыр айы Қазақстан халқының бірлігі күнімен басталып, Отан қорғаушы күні, Жеңіс күні мемлекеттік мерекелеріне ұласады. Мектеп бітірушілердің Cоңғы қоңырау салтанаты, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Облыстық қоғамдық даму басқармасы қоғамдық-саяси маңызды іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу жөнінде жоспар әзірлесін. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары жоспарға енген іс-шараларды сапалы әрі мәнді етіп ұйымдастыруы тиіс. Қала, аудан, ауыл орталықтарындағы сквер, аллеялар және іс-шара өткізілетін аумақтар тазартылып, көркейтілуі керек, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп мереке күндері кезекшілік ұйымдастыру, коммуналдық қызметтердің тұтынушыларға үздіксіз көрсетілуін бақылау тапсырылды. Облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күштік құрамның күшейтілген режимдегі жұмысын үйлестіріп, рейдтер ұйымдастыруы тиіс.
Ал облыстық білім басқармасы Соңғы қоңырау мерекесін және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қатысты іс-шаралар жоспарын әзірлеуге жауапты. Сондай-ақ басқарма оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін іс-шаралар, жазғы демалыс кезінде қоғамдық тәртіпті, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ықтимал жазатайым оқиғалар мен топтық төбелестің алдын алу мақсатында күшейтілген режимде рейд жүргізуі керек.
Комиссия жұмысына сын айтылды
Мәжілісте аймақ басшысы қала, аудан әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар жұмысын сынға алды.
– 2024 жылдың 3 айының қорытындысына қарағанда, облыста кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға төмендеген. Дегенмен, жекелей алғанда кейбір қылмыс түрлерінің саны артқан. Қала, аудан әкімдіктері жанында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар бар. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, топтық төбелестердің алдын алуға тікелей жауапты болғанымен, жұмысы нәтижесіз. Ешқандай зерделеу, талдау жоқ. Комиссия мүшелері адрестік-профилактикалық жұмыс жүргізбейді. Тек мұғалімдер мен инспекторлардың зерттеулеріне сүйеніп, шешім қабылдайды. Мұны бала тағдырына бейжай қарау деп есептеймін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты шұғыл түрде бір жүйеге келтіру міндетін жүктеді. Алдағы уақытта комиссия қызметі бағаланғанда, профилактикалық шаралармен қатар, нақты адрестік жұмыстар, нәтижелі индикаторлар есепке алынады. Облыстық білім басқармасы комиссиялардың есебін тоқсан сайын баяндап, соған сәйкес шешім қабылданбақ.
Мектептер құрылысы қатаң бақылауда
Салынатын мектептердің сапасы, құрылыстың уақытылы аяқталуы жіті назарда болуы керек.
– Биыл өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 10 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» және жергілікті бюджеттің қаржысына 3 мектеп салынуда. Оның 7-еуін жаңа оқу жылында, 6 білім ошағын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Одан бөлек, 4 мектеп жанынан қосымша құрылыс салынуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының, Үкіметтің тікелей бақылауында. Құрылыс сапасын күнделікті қадағалап, мерзімінде аяқталуын басты назарда ұстау қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мұнан бөлек, мамыр айынан бастап облыстағы 7 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтеді. Облыстық бақылау жөніндегі басқармасына жұмыс сапасын, мерзімінде аяқталуын қатаң қадағалау тапсырылды.
Сондай-ақ жиында кейбір аудандардағы кешкі мектептердің жабылуына орай қысқартылатын педагогтердің жұмыспен қамтылуы, мектептердегі штаттық бірліктердің тиімділігі талқыланды.
Тиімділік әрі ұқыптылық маңызды
– Бүгінде облыс бойынша 276 мектепте профицит бар, яғни, кейбір елді мекендерде орналасқан мектеп ғимараттарын өзге де әлеуметтік мақсаттарға пайдалануға болады деген сөз. Қала және аудан әкімдері облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, жаңадан салынатын әлеуметтік нысандар, атап айтқанда, спорт кешендері мен ауылдық клуб құрылыстарына қатысты алдын ала зерделеу жүргізіңіздер. Оларды салуға қомақты қаржы бөлгеннен, бос тұрған мектеп ғимараттарын тиімді пайдалану тетіктерін қарастыру қажет, – деді облыс әкімі.
Бұл ретте мәселе, мекеме басшылары ғимараттарды күтіп ұстау, әр мүлкіне ұқыпты қарауы тиіс. Қасбетінен бастап, ауласының тазалығын қамтамасыз ету – басшылардың тікелей міндеті. Сыр өңірі алғашқылардың бірі болып ел Президентінің «Таза Қазақстан» акциясын қолдағаны белгілі. Науқан аясындағы көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстары мамыр айына дейін жалғасады. Сондықтан білім беру ұйымдары аумағында тазалық жұмыстарының тұрақты жүргізілуін бақылауға алу тапсырылды.
Нысаналы мақсат нақтылануы тиіс
Мәжілісте сондай-ақ жекеменшік балабақшаларды заңдастыру барысы талқыланды.
Аймақ басшысы жекеменшік бөбекжайлардың басым көпшілігінің нысаналы мақсаты кәсіпкерлік болып өзгертілгенін атап өтті.
– Аймағымызда қазіргі таңда 460 жекеменшік балабақша жұмыс жасайды. Оның 416-ның немесе 90,4%-ның нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке өзгертілген. Қалған 44 балабақшаны рәсімдеу жұмыстары заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, нысаналы мақсаты өзгертілмеген балабақшалар Қызылорда қаласында, Жаңақорған және Жалағаш аудандарында. Жауапты тұлғаларға мәселені бақылауға алу тапсырылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<