Ширек ғасыр шұғыласын таратқан

775

0

Қазақ даласының төрінде жатқан Астананың елорда атанғанына биыл ширек ғасыр толып отыр. Бұл қат-қабат тарих қатпарында қас-қағым сәт секілді көрінетін шығар. Ал тәуелсіз еліміздің дамуында ерекше маңызды мәнге ие кезең ретінде бағаланады. Бүгінде Астана идея мен шындық тоғысқан, сәулеті мен дәулеті келіскен, жастық пен сұлулықтың символы атанған шырайлы шаһарға айналды. Еуразияның жүрегінде орналасқан бас қаламыз – еліміздің жаңа беттері, тәуелсіздіктің толғауы, азаттықтың айшығы. Қазақ даласындағы қалалар елордаға қарай бой түзеп келеді. Қысқа уақыт ішінде елордамыз әлемнің алдыңғы қатарлы астаналарының қатарына қосылып үлгерді. Осылайша азаттықтың шұғылалы шуағына шомылған алаш жұрты үшін Астана береке мен бірліктің бастауына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың дамуына, сәулеті мен дәулетінің артуына ерекше

маңыз беріп келеді.

Бозоқтан бүгінге дейін

Шежірелі жылдардың жылнамасына көз салып көрсек, елорданың дамуында ортағасырлық Бозоқ қаласының айрықша орны бар. Өткен күндердің куәсіндей болған шаһар қазіргі Астананың тап іргесінде жатыр, небәрі бес шақырым жерде орналасқан. Тарихшылар тарапынан ол жайында VIII-XVIII ғасырларда өмір сүргені айтылса, оған қоса қыпшақ даласының бас ордасына айналғаны жайында көптеген деректер кездеседі. Сондықтан ортағасырлық Бозоқ қаласын бүгінгі Астананың түпкі атасы деуге толық негіз бар. Жалпы, «бозоқ» сөзінің мағынасы көне түркі тілінде «тесіп өтетін жебе» дегенді білдіретін көрінеді.

Ал 1830 жылы орыс әскерлері Ақмола бекінісінің негізін қалады. 1862 жылы қала мәртебесіне ие болған іргелі мекенге тұп-тура бір ғасырдан кейін Целиноград атауы берілді. Бұл кезеңде көршілес республикалардан тың игеру деген желеумен көптеген ұлт пен ұлыс қоныс аударған еді.

Жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезеңінде халқымыздың ардақты перзентінің бірі Әлихан Бөкейханов «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген ойын білдірген екен. Қашан да халқымыз жақсының сөзін жарым ырысқа балайды емес пе? Алаш қайраткерлерінің жүрек түкпірінде жатқан сол бір асқақ арманы түбінде ақиқатқа айналып, Сарыарқа төсінде бас ордамыз тігілді.

Астана тарихындағы айрықша оқиға елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім болатын. 1998 жылдың 6 мамырында жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілсе, сол жылы 10 шілдеде бас қаланың халықаралық деңгейде тұсаукесер шарасы өтті. ЮНЕСКО шешімімен елордамызға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары мәртебелі атақ берілді.

Сол жылдары Астана қаласында 290 мыңдай адам тұрғаны белгілі.   Биылғы статистикалық дерекке сүйенсек, елорда халқы 1,3 млн адамға жетіп отыр. Осылайша ширек ғасырдың ішінде шырайлы шаһарда тұрғындар саны 1 млн адамға артқан.

Бас қаламыздың ерке Есілдің жағасында бой көтеруінің өзіндік сыры бар. Әлем астаналарының тарихына көз салып көрсек, басым бөлігі өзен жағасында орналасқанын аңғару қиын емес. Мәселен, Париж, Лондон десе көз алдымызға Сена мен Темза келсе, көршілес Ресейдің астанасы Мәскеу өзімен аттас өзеннің бойында орналасқан. Сондай-ақ, өз еліміздегі Қостанай Тобыл, Атырау Жайық, Қызылорда Сырдария, Павлодар Ертіс, Өскемен Үлбі, Талдықорған Қаратал өзендерінің бойында жатыр. Өзен қалаға өзгеше өрнек қосады. Мәртебесін арттыра түседі. Сондықтан Есіл өзені елорданың сәулеттік келбетіне сән қосып, астананың айрықша ажарына айналып отыр деуге болады.

Сыр елінің тартуы

Бүгінде халықаралық аренада және елімізде «Астана» атауы танымал брендке айналды. 2009 жылы тұсауы кесілген «Астана» тәуелсіз Қазақстан тарихында футболдан Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде бақ сынаған алғашқы команда ретінде ерекшеленді. Сондай-ақ, бұл ұжым Еуропа лигасы топтық кезеңіне үш мәрте қатысып, еліміздің атын қорғады. Ал «Astana Cycling Team» велоклубы дүниежүзілік дүбірлі додаларда Қазақстан беделін биікке көтеріп келеді. Елорданың қақ төрінде бой көтерген «Астана опера» театрынан көпшілік классикалық шығармаларды тамашалауға мүмкіндік алды.

Ширек ғасырдың ішінде шырайлы шаһарға айналған Астанада көптеген ғимараттар бой көтерді. Олардың қатарында «Байтерек», Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Хан Шатыр», «Қазақ елі» монументі секілді сәулетімен көз тартатын орындар бар.

Бас қаланың көркейіп-жасануына Сыр өңірі жұртшылығының қосқан үлесі зор. 2008 жылы сырбойылықтар тарту еткен «Қорқыт-қобыз» сквері бүгінде қала ажарына өзіндік сән қосып тұр. Сәулетті кешен Ш.Уәлиханов пен Ж.Омаров көшелерінің қиылысында орналасқан. Композиция авторы – Жәркен Исмағұлов. Келешек ұрпақ үшін мән-маңызы бөлек скверді Сыр елі тарту еткені бірден байқалады.

Ал елорданың 20 жылдық мерейтойына қызылордалықтар ашық аспан астындағы зымыран-ғарыш техникасы музейін тарту етті. Бас шаһардың төрінде «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макетінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейі орналасқан. Сәулетті экспозиция Тұран даңғылы бойында «ҚазҒарышСапары» АҚ Ұлттық ғарыш орталығы аумағында жайғасқан. Жалпы 1,4 гектар аумаққа салынған музей 20 жылдыққа тамаша тарту болды. Өйткені, «Байқоңыр» ғарыш айлағы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен.

Тәуелсіздік жылдары Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа шағын аудан және ең үлкен даңғылға Астана атауы берілген. Қашаннан да ырымшыл халықпыз ғой. Жылт еткен жаңашыл жобалар мен байыпты бастамаларға елордаға қатысты атаулар беріледі. Ерке Есілдің сол жағалауынан бас қаланың жаңа бөлігі бой көтерсе, Қызылорданың да сол жағалауындағы әсем ғимараттар, сәнді үйлерге көзіміз үйренді. 

Сондай-ақ, Сыр бойында кеңінен тараған атауларды елорданың бет-бейнесінен табуға болады. Астананың басты көшелеріне Сығанақ, Ақмешіт секілді атаулар берілген. Олай боларлық жөні бар. Жаугершілік заманда қаншама халыққа пана болып, Қазақ хандығының басты ордасына айналған Сығанақ – Алаш баласының жадынан өшпейтін ұғым. Оған қоса көне түркі жұртының қалыптасуында айрықша орны бар Жанкент шаһарының да аты бас қаланың атауларынан ұмыт қалған жоқ. Қазақ деген атау қалпына келген Ақмешіт шаһары да халықтың жанына сондай жақын. Бағзы заманнан бері дүйім елге ырзық-несібесін сыйлап келе жатқан Сырдария жағалауы – қалың жұртшылықтың бауыр басқан киелі мекені. Тағы айта кетерлігі, бас қалада біздің өңірге тән Шиелі, Жосалы секілді атаулар бар. Елдің тыныштығы жолында ат үстінен түспеген Жалаңтөс баһадүр, түркі халқының ойшылы Қорқыт ата, белгілі ақын Қарасақал Ерімбет секілді тұлғалардың құрметіне қойылған көшелерді елордадан кездестіруге болады.

Халық саны 4 есеге артты

Қуанарлығы, Астана қаласының экономикалық белсенділігі күннен-күнге жанданып келеді. Шетел инвестициясын тарту жөнінен көшбасшылар қатарына енді. Жыл басындағы мәліметке сүйенсек, негізгі капиталға салынған  инвестция көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен. Кейінгі 20 жылдан астам уақыттың ішінде қала аумағы үш есе ұлғайып, бой көтерген тұрғын үйлер саны 19 есеге, халық саны 4 есеге артқан. Осы уақыт аралығында республикалық және қалалық деңгейдегі денсаулық сақтау нысандары, 300-ден астам мектеп пен балабақша ел игілігіне айналды.

Дерек бойынша республикадағы ішкі жалпы өнімнің 10 пайыздан астамын Астана экономикасы құрайды. Сондай-ақ, елдің негізгі капиталына салынған инвестицияның оннан бір бөлігі осы қалада қалыптасып отыр. Атап өтерлігі, қала экономикасының 59 пайызға жуығын шағын және орта кәсіпкерлік нысандары құрайды. Бас қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 200 мыңға жуықтады.

Мамандар 2030 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 2 млнға жетеді деген болжам айтады. Ал 2050 жылға қарай ол 3 млн адамға жетеді деп есептелген. Осы орайда Астана бірнеше бағытта дамуға көңіл бөледі. Олардың арасында ең бастысы – адам капиталы болса, екіншісі – креативті экономика. Бұл орайда Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бойынша елорда смарт қалаға айналуы тиіс. 

Астана еліміздің әкімшілік орталығы болуымен қатар азат елдің, қазақ халқының қайта түлеуіне негіз қалап келеді. Әлемдік өркениетке ұмтылған елордамыз қай жағынан да алдыңғы қатарда. Жаңа дәуірдің айшықты сәулет өнеріне жол ашқан елорда – талайлар таңдай қағатын шырайлы шаһар. Сондықтан Астананың айбыны асқақтайтын шағы алда деп ойлаймыз.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<