Ширыққан шаруаның алты айлық көрсеткіші

379

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVI сессиясы өтті. Оған облыс әкiмi Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов, облыс әкiмiнiң орынбасарлары мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық басқармалар және аумақтық инспекциялардың басшылары қатысты. Аудан, қала әкімдері, мәслихат төрағалары және активі бейнебайланыс жүйесі арқылы қосылды.

Сессияда биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілгені айтылды. Мәселен,  өнеркәсіп өндірісі  5, өңдеу өнеркәсібі 37,5, ауыл шаруашылығы 4, құрылыс жұмыстарының көлемі 35,6, тұрғын үй 3,7, көлік 3,4, сауда 3,6 пайызға артты.

Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан кейінгі 10 жыл бойы төмендеу тенденциясы байқалып отыр. Соған қарамастан өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың қыркүйек айынан бері оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Саладағы өсу қарқыны бойынша 2022 жылы Қызылорда облысы республикада 11-орында болған еді. Өткен жылдан бері алғашқы үштікке енді.

– Шетелдік инвесторлардың өңірде жұмыс істеуіне қолайлы климат қалыптасқан. Сол себепті ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.  Биылғы жылдың 6 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайыз артты. Кәсіпкерлікті қолдауға соңғы екі жылда (2022-2023 жж.) 127 млрд 500 млн теңге беріліп, 12 мыңнан астам жобаға қаржы тартылды. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты. Биыл екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы саласына кейінгі екі жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 6 айда саладағы негізгі капиталға 3 млрд 300 млн теңге инвестиция салынды. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 34 млрд 100 млн теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Аймақта 43 млрд теңгеге 300 шақырымнан астам жол жөнделеді. Жыл аяғына дейін жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 92 пайыздан асады. Электр энергиясымен қамту бағытында  11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі  62 пайызға төмендейді. Тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 78 пайызға жеткізіледі. Облыс халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, – деді Н.Нәлібаев.

Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектептің, «Білімді қолдау қоры» есебінен дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернаттың құрылысы жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен бой көтерген 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға беріледі. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Нысан 2025 жылы іске қосылады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталып,  Шығармашылық академиясы бой көтере бастады.

Мәслихат сессиясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов аймақ дамуында оң өзгерістер қалыптасып отырғанын атап өтті. Өңірде инфрақұрылымды дамыту, білім және денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда байыпты бастама, жарқын істер байқалып отыр. Әрбір жаңашыл жоба ел өмірінің жақсаруына оң септігін тигізеді.

Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов та аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жоғары бағалады. Әрбір жобаның халықтың игілігі, өңірдің дамуы үшін байыпты жүргізілуі үлкен еңбекті көрсетеді.

Сондай-ақ мәслихат сессиясында 2023 жылдарға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту, «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 13 желтоқсандағы №63 шешіміне өзгерістер енгізу, Қызылорда облысындағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту және өзге де мәселелер депутаттар талқылауына ұсынылып, тиісті шешімдер қабылданды. 

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<