Шуаққа бөленген шаңырақ

573

0

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіп, қазақ халқы үшін киелі саналатын шаңырақтың қадір-қасиетін арттырып келеді. Айталық, өткен жылы ұлттық байқаудың облыстық іріктеу кезеңінде шиелілік Байжановтар шаңырағы бас жүлдеге лайық деп танылды.

Байжановтар әулеті – Шиелі ауданы Нартай ауылының тұрғындары, қазыналы қарияның батасымен өркен жайған өнегелі шаңырақ. Айталық, бүгінде Шиелі ауданының құрметті азаматы, «Ғасыр адамы», қарт майдангер Сәрсенбек ақсақалдың батасын алуға ат басын бұрып келетін азаматтардың қатары көп.

Иә, әулет басшысы Сәрсенбек Байжанов азамат болған шағында соғысқа аттанып, екінші топ мүгедегі болып оралды. Ата-анасынан ерте айырылды. Алайда ерік-жігері мұқалмай, еңсесін тіктеп, ел ісіне араласты. Ауданның білім саласында қырық жыл ұстаздық етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне жантәнімен қызмет қылды. Отанға, елге еткен адал қызметі үшін алған мадақ-марапаттары бір төбе, одан бөлек, адамгершілік, азаматтық болмысымен  ағайын-туыс, ауылдастарының құрметіне бөленген жан. Шаңырақтың бірлігі мен ынтымағын сақтап отырған темірқазығы.

Адам баласының өмірлік мұратының бірі – ұрпақ бақытына кенелу десек, Сәрсенбек атай да – шөберенің қолынан су ішіп, шөпшегінің қолынан май жалаған бақытты қария. Байжан әулетінен тараған балалары, немерелері әр салада еңбек етіп жүр. Бірі – мұғалім, бірі – дәрігер, енді бірі – кәсіпкер. Енді бірі өнерден де алыс емес.

Қарияның қолындағы келіні Несіпкүл апайдың айтуынша, атайдың бойындағы ерекше қасиеті – қарапайымдылығы, сабырлы, салиқалы мінезі. Қарт майдангердің жүз жасауының сыры осында шығар, бәлкім…Ұрпақтары атасының абыз болмысын үлгі тұтады. Сондай-ақ, әулетте ұлттық тәрбиені берік ұстанатын келіндер әдеп-ибадан аспайды.

Отбасының үлкені де, кішісі де ауылдың күнделікті тіршілігіне  бейімделген. Бақша егіп, мал өсіріп, ағарған өнімдерін әзірлейді. Әсіресе, атайдың ас мәзірінен құрт-ірімшік, қымыз-қымыран үзілмейді. Соның арқасында дастарқанның да берекесі ортайған емес. 

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халық даналығы. Шындығында, өмірдің сан алуан соқпағында қайыспаған қарияның өн бойы тұнған қазына емес пе?! Ал осынау шаңырақта өсіп-өніп келе жатқан тәлімді, тәрбиелі ұрпақ сол қазынаның мұрагері екені сөзсіз.

Халқымыздың ұлттық бірегейлігі – көпбалалы болып, үбірлі-шүбірлі ұрпақ өсіру. Осы мақаламызға арқау болған Байжановтар отбасы да – он бала өсіп-өнген іргелі шаңырақ. Иә, адам ұрпағымен мың жасайды, елімізде осындай мерейлі отбасылардың қатары көбейе берсін демекпіз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<