«Шуақты ғұмыр» шынайы толғаныстан тұрады

1037

0

Білім беру саласында тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы өзінің айшықты еңбегімен дараланған ардагер ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының мүшесі Сәбит Иманғалиұлы. Бұл кісі жайында ерекше ілтипатпен айтуға болады.

Жуырда жолым түсіп Алматы қаласына жеңгеміз Надежда Иманғалиқызының жылдық асына қатысуға бардым. Сонда Бекраш ағамның қолындағы «Шуақты ғұмыр» атты кітапқа көзім түсті. Сыртындағы мұқабасына көз жүгіртсем, авторы менің сүйікті ұстазым Сәбит ағай екен. Сәкең де сол жерде отырған болатын. Кітапты қолыма алып тез көз жүгіртіп өттім, оқуға ерекше қызығушылық оянды. Менің ойымды сезгендей, ертеңіне ұстазым қолтаңбасы бар осы кітаптың бір данасын сыйға тартты. Еңбекте ағайдың ғибратты ғұмыры әдемі өрілген. Өмірінің қымбат шақтарын кейінгі ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған ұстаздың өмір жолы болашақ ұрпақ үшін үлкен өнеге екені сөзсіз.

Жалпы Жалағаш ауданына қарасты Мырзабай ахун ауылындағы біздің оқыған мектебіміз сегізжылдық болатын. 1973 жылы сегізінші сыныпты аяқтап, оқуды осы ауданға қарасты көрші «Мәдениет» кеңшарындағы  №32 орта мектебінде жалғастырдым. Жаңа оқу жылы басталғанына көп уақыт өтпестен мектепке жаңа басшы болып Сәбит ағай келді. Алғашқы айларда уақытша біздің үйде тұрды. Қазіргідей емес, ол уақыттың балалары мұғалімнің мысынан қорқу немесе ата-ананың атына сөз келтірмеу қағидаларын ерекше ұстанатын. «Үйінде директор тұрады» деген сөздің өзі маған үлкен мәртебе, сабақты бұрынғыдан да жақсы оқу керек деген жауапкершілікті жүктеген еді. Менің нашар оқуыма жөн жоқ деп түсінетінмін. Бұл ағайға деген құрметім, атына менің тарапымнан сөз келмесін деген ниетім болатын. Бұдан жаман болмадым, керісінше, менің жоғары білім алып, өмір жолымның қалыптасуына Сәбит ағайдың өзіндік әсері болды десем, артық айтпағандығым.

Ұстазым туралы әңгіме қозғағанда айта кететін тағы бір дүние – Сәкең сол уақытта өзімен бірге мектепке тың жаңалықтар ала келді. Мектеп жұмысының алға жылжуына, оқушылардың жақсы білім алуына барынша өз үлесін қосты. Еңбектің ақталғаны болар, бүгінде сол мектепте Сәбит Иманғалиев атында арнайы оқу кабинеті жабдықталған. Осындай ұлағатты өмірі өзгелерге үлгі болатын ұстаз кітабының жарық көруі уақыттың талабы деп білемін. Кітапқа талдау жасап, баға беру менің қолымнан келетін іс емес. Бірақ өз ойымды, алған әсерімді көпшілікпен бөлісу шәкірттік борышым деп түсіндім. Еңбекте Сәкеңнің әңгіме-өлеңдері мен салмақты ой-толғамдары, сондай-ақ, үзеңгілес іні-құрдастары мен рухани шәкірттерінің риясыз лебіздері, ақжарма тілектері,  олардың қаламынан туған сүбелі сөздер мен шынайы толғаныстар топтастырылған.

Кітаптың  бірінші  бөлімінде ұстаздың балалық күнінен бастап ақсақалдық кезеңге дейінгі жүріп өткен өмір жолы баяндалса, келесі бөлімдерінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бүгінге дейінгі уақыт аралығында жарық көрген әңгімелері мен өлеңдері орын алған. Кітаптың «Балаларға базарлық» деп аталатын бөлімінде «Ауырған тіс», «Шайтаны жүр ішінде», «Әлидің әдеті», т.б. балалар сүйіп оқитын шығармалар енгізілген. Бұл кітап оқырман үшін құнды, бүгінгі күннің сұранысын толықтыратыны сөзсіз.

Кітап – рухани қазына, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, адамзаттың рухани байлығы, оқу-тәрбие құралы екені даусыз. Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан, Алматы қаласы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының гран-при иегері, кезінде Қызылорда, Алматы, Астана көшелері жайлы көлемді кітаптары арқылы танымал болған Сәбит Иманғалиұлының «Шуақты ғұмыр» атты кітабы да көпшіліктің көңілінен шығатынына сенімдімін. Сондықтан ұстазға тек жақсылықтар тілеймін!

Қазтай ӘБДІРЕЕВ,

шәкірті, қаржыгер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<