Шығармасы – дара, кейіпкері – дана

3418

0

«Тағдырың бұралаң болса-дағы, шырағың сөнбесін!» – деген автор сөзі менің жүрек қылымды шерте білді.

Бұл жолғы демалысымның басым бөлігін кітап оқуға арнадым. Алақандай ғана ауылымыздағы кітапхана кітап қорына бай. Мыңдаған кітап ішінен Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы көзіме оттай басылды. Мұқабасы көнетоздау болғанымен, тақырыбы тартымды екен. Қаламгер тақырып арқылы барлық оқырманға бата-тілек жолдап тұрғандай көрінді. Байыптап қарасам,  жазушының ең соңғы шығармасы да осы екен.

Үйге жете салысымен оқуға кірістім. Оқиға шытырман. Жақындарынан жырақта қалған, жалғыз баласы үшін өліммен арпалысқан Нәзираның тағдыры баяндалады. Романның аты да ерекше. Бала кезінде әжесімен бірге ауыл шетіндегі бейітке барып, құран оқытқаны есінде. Әжесі моланың үстіне бір шам жағып, «Шырағың сөнбесін!», – деп  дұға етеді. Неліктен шырақ жаққандығын ұғына қоймаған Нәзира: «Ол шам біраз уақыттан соң қалай болғанда да сөніп қалады ғой. Ал сіз шырағың сөнбесін деп айттыңыз. Ол қалай сөнбейді?» – деп сұрайды әжесінен.

 Немересінің шашынан сипаған әжесі: «Қызым, оның шырағы – сен, сен оның өмірін жалғайсың, ұрпағымен өшпегені – оның шырағының сөнбегені», – дейді. Бала көңіл дәл сол уақытта осы сөздің мағынасын ұғына қоймаса да, басына қауіп төнгенде дәл осы сөздер жанға медеу болады. Барлық қиындыққа шыдауға бекінеді. Автор Нәзираның тағдырына арқау етіп, романды «Шырағың сөнбесін» деп атағаны анық.

Шытырман оқиға соғыстың басталуымен шетте жүрген жас отбасы тауқыметін танытумен басталады. Ер-азаматы соғысқа аттанған Нәзира елге оралу үшін жанындағы әйелдермен бірге арпалысып жолға шығады, сол жолда көрген бейнеті, өткенге ойша оралуы шығарманың шыншылдығын шыңдай түседі. Оқып отырып, жаңа образ бен қилы оқиғаның куәсі боласың. Заманның ащы шындығы да айна-қатесіз көз алдыңа келеді.

 Жапан түзде шырылдаған сәби үні, шарасыз ана бейнесі шынайылығымен еріксіз жанарыңа жас үйіреді. Сұм соғыс бейбіт ғұмыр кешуге мұрсат бермейді. Қайда барса да «Қорқыттың көрінің» кебі.

Нәзираның тағдыры күрделі. Оған бей-жай қарай алмайсың. Бір ғажабы, Нәзираға қол ұшын берген жақсы жандар да жолықты. Дуня әжейдің образы  кез келген адам бойынан табыла бермейтін көркем бейне. Жағымпаз шенділерге ақиқатын тайсалмастан бетке басып, ақтық демі қалғанша әділет жолында күреседі. Шығармада әйел теңсіздігі сөз болады.

Алапат соғыста жүріп теңдікті аңсаған әйелдердің бірі – Света. Нәзираның жан құрбысы. Немістің арам қара мұрттылары ол күндері тек мансап, ләззат, жеңіл табыс көру жолын аңсайды. Ақыр аяғында өрімдей қыздың болашағын сол жерде балтамен шорт кескендей еді. Енді жалғыз жақыны Светадан айырылса да ол болашақтан үмітін үзбеді.

Нәзираның бар арманы күйеуінен қалған жалғыз тұяқты жетілдіру болатын. Атқан таңға үмітпен қарайтын Нәзираның ғұмыры екі жастың араға біршама жылдар салып қосылуымен аяқталады. Ақыры әйел азаттығы жеңіп шықты. Авторды даралап, кейіпкерді дана етуімнің себебі де осы.

«Әйелдің қырық жаны бар», – дейді халық даналығында. Нәзираның қаһармандығы мен теңдік жолындағы ерлігі көпке үлгі. Роман соңы екі жастың табуысуымен аяқталады. Өмір жолындағы қақтығыстар ашыла суретеледі.

Қорыта айтқанда, заманымыздың ірі жазушысы, аса ойшыл, білімдар, мықты суреткері – Тахауи Ахтановтың өзге көркем дүниелері сияқты «Шырағың сөнбесін» романы – тілі мен көркемдік стилі тұрғысынан қазақ прозасында кейіпкер атынан баяндалатын туындылардың классикалық үлгісі.  Сіздер де нағыз туындының шуағына шомылып, әсерге бөленгендеріңізді қалаймын және оқуға кеңес беремін.

Арайлым ӨТЕПОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<