Шығыстың шамшырағы – шығармашылық арқауы

1050

0

Алаштың айбынды ұлы, Шығыс шамшырағы, қазақ жастарының көсемі Ғани Мұратбаевтың өмір жолын зерттеп, зерделеп, оның бойындағы қайсарлық, әділдік, қайырымдылық, сондай-ақ, іскер ұйымдастырушылық қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, насихаттаудың маңызы зор. Осы орайда Ғ.Мұратбаевтың  120 жылдығы аясында облыс орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 мектепте «Шығыстың шамшырағы – ұрпақтарға ұлағат» атты жыр-мүшәйра өтті.

Жыр байқауының ашылуында мектеп директоры Бекзат Ибраев Алаш ұрпағының мақтанышына айналған, жасындай жарқ еткен қас-қағым ғұмырында  терең білімімен, текті болмысымен халқының жүрегінде қалған Ғ.Мұратбаевтың 120 жылдығы және 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған іс-шараның мән-мағынасы зор екенін атап өтті. Қалалық білім бөлімі атынан кәсіподақ ұйымының төрайымы Орынша Міржақыпқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шарада жас ұрпақты елінің  тарихын терең біліп, туған тілін, төл дәстүрін құрметтейтін, күллі рухани құндылықтарын бағалай білетін тұлға болып қалыптасуға тәрбиелеу мақсаты негізге алынған. Осы орайда жас мұғалімдер арасынан шығармашыл, өнерлі, талантты мамандардың тақырып мазмұнына сай шығармалары сарапқа салынды.

Жалпы Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі болған  қайраткер тұлға Ғани Мұратбаевтың өмір жолын өлеңмен өрнектеп, адами биік болмысын дәріптеуге атсалысқан жас ұстаздардың белсенділігі жоғары болды. Олай дейтініміз, өлең шумақтарында жан-жақты ізденіс, талант пен талпыныс, қарым-қабілет үйлесімі көрініс тапқан.

Жыр-мүшәйраға 20-ға жуық мектептен жас мұғалімдер қатысты. Олардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бөлек, математика, ағылшын тілі сияқты пәндердің оқытушылары да бар.

Қазылар алқасы өлеңнің мағынасына, ұйқас, буындарының байланысына, тақырыптың ашылуына, сөз қолдану шеберлігіне баса назар аударды. Жан толқытар жақсы туындылар ә дегеннен көзге түсті. Бір қуанарлығы, тақырып тек арнау деңгейінде қалмай, шын мәнісіндегі шығармашылық байқау болды.

Жыр байқауына қазылық жасаған №7 мектеп-гимназия мұғалімі, педагог-шебер Гүлжанат Кенжалиева тақырыптың мәнін ашудағы жас мұғалімдердің ізденісі мен талап деңгейі төңірегінде ой-пікірін айтса, Халықаралық ақын-жыршылар одағының мүшесі Жұмабай Шернияз осы мектеп мұғалімі, талантты сазгер Сәкен Шынымовтың әніне жазылған шығармасын орындап берді.

Байқау қорытындысымен, Досбол Нұрылда І орын (176 мектеп), Айнаш  Бөлекбай ІІ орын (140 мектеп), Перизат Бижанова ІІІ орын (171 мектеп) иеленгені үшін қалалық білім бөлімінің дипломын алса, Гүлзия Жұмағалиева (43 мектеп), Досхан Ахметқалиев (39 мектеп), Перизат Мұхат «Алғыспен» және қалалық кәсіподақ ұйымының сыйлықтарымен марапатталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<