Шымкент театры Сыр елінде

743

0

Сыр еліне Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының артистері гастрольдік сапармен келді. 8 сәуірге дейін қала тұрғындарына үздік қойылымдарын ұсынбақ.

– Біздің театр 1934 жылы құрылған. Қазір 140-қа жуық қызметкер бар. Оның 45-і шығармашылық құрам болып есептеледі. Жыл сайын жаңа қойылымдар көрермен көзайымы болып, өңірлерге гастрольдік сапарлар ұйымдастырылып тұрады. Былтыр республикалық театр фестиваліне қатысып, жүлделі орындарды иелендік. Сонымен қатар, шығармашылық байланыстарды нығайту үшін шет мемлекеттерден кәсіби мамандар шақыртылады. Біз Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театры ұжымымен тығыз шығармашылық байланыстамыз. Алдағы уақытта бірлесіп ауқымды жобалар ұйымдастырылады, – деді Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Қайрат Қарғабаев.

– Сахналық қоржынымызда 40-тан аса қойылым бар. Үш күндік сапар аясында үздік әрі қызықты деген 3 қойылымды көрермен назарына ұсынамыз. Атап айтсақ, Дулат Исабековтың «Әпке», Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» драмасы мен Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» қойылымдары сахналанады. Театрымыздың 88-маусымы аясында Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан, Жамбыл өңірлеріне гастрольдік сапармен бару ойымызда бар, – деді театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<