«ҰШҚЫННЫҢ» ІСКЕРЛІК ҰШҚЫНЫ

349

0

Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев “Ұшқын” Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны” ЖШС жұмысымен танысты. 

Осыдан 6 жыл бұрын «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігі ретінде ашылған мекеме көп ұзамай оқу-өндірістік кәсіпорны болып қайта құрылған болатын. Бес сала бойынша жұмыс істейтін кәсіпорында тротуарлық плиткалар мен жол жиек тастары, пластикалық терезе, есік және витраждар, кез келген офистік және үйге арналған жиһаз өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ, сыртқы жарнама қызметінің барлық түрлері, әртүрлі полиграфиялық өнімдерді шығару мен клинингтік қызметтер, компьютерлік және периферийлік құрылғыларды жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Оған қоса тігін цехы өз жұмысын алға қойып үлгерген.  Бүгінде мұнда 211 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 119-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жыл басынан бері аталған ұйым 331 мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, 342,6 млн теңгенің тапсырысын орындап отыр.

Айта кетейік, «Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС құрамына «Қазақ соқырлар қоғамы­ның», «Қазақ саңыраулар қоғамының» Қызылорда, Арал, Қазалы, Сырдария аудандары мен Жосалы кентіндегі филиалдары, сондай-ақ «Жігер» қоғамдық ұйымы кіреді.

Кәсіпорында ерекше назар аударатын бастаманың бірі – өңір экологиясын жақсарту мақсатында қолға алған жоба. Бір гектар алқапқа павловния талын егіп, сынақтан өткізген олар осы арқылы ауаны тазартып қана қоймай, жерді құнарландыруға болатындығын дәлелдеді. Алдағы жылы 3 гектарға егіп, Сырдың жерін саябаққа айналдырмақ.

Осындай келелі жұмыстың бастамашысы болған кәсіпорын 5 жыл ішінде облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жүздеген адамды мамандықпен және тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, түрлі өнімдер мен қызметтерін ұсынуда. Мұндағы әрбір қызметкер бүгінгі жасап жатқан жұмыстарына дән риза.

– Менде 20 тігінші жұмыс жасайды. Біздер төсек жапқыштарын, арнаулы киімдер мен халаттарды тігеміз. Тапсырыс бар, өзімізден бөлек Орал, Шымкент, Қостанай қалаларына жіберіп отырамыз, – деді тігін цехының жетекшісі Ләззат Мұстафаева.

Аймақ басшысы аз жылдың аясында іргелі өндіріс орнына айналған кәсіпорын жұмысына оң баға берді. «Ұшқындықтардың» ұсыныстары ескеру­сіз қалмайтынын, алдағы уақытта оң шеші­мін табуына ықпал ететіндігін білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<