Шыны зауыты туралы шындық қайсы?

872

0

Кейінгі жылдары индустрияландыру бағдарламасы аясындағы ауқымды жобалардың бірі саналған шыны зауытының іске қосылуы жайлы түрлі қауесет тарады. «Зауыт ашылса, 200 адам тұрақты жұмысқа тұрады» деген сөзді көпшілік БАҚ-тан естіп үлгерді. Бірақ…

«Orda Glass Ltd» серіктестігі және қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы бірігіп іске қосады деген шыны зауытының толық іске қосылуы неге кешігуде? Бұған дейін үлкен өндірісті іске қосу үшін өңірге 42 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғаны белгілі еді.

Ішкі нарықты өз өнімімен толық қамтып, сондай-ақ алыс-жақын шетелге 30 процентін экспорттайтын болған кәсіпорынға кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов барды. Оның айтуынша, өткен айдың 25-де шыны зауытын іске қосуды қамтамасыз ету жөніндегі арнайы штаб құрылып, жиын өткен. Мақсат – өндірісті іске қосу кезінде туындаған мәселелерді шұғыл түрде шешу. Ал кешегі өткен екінші отырыста да кәсіпорынды іске қосуға қажетті мәселелер айтылып, тиісті органдарға тапсырмалар берілді.

– Былтыр желтоқсан айында зауыттың күйдіру пеші іске қосылғанын білесіздер. Бірақ белгілі себептермен техникалық ақау пайда болып, оның жұмысы уақытша тоқтады. Негізінде аталған пеш бір жағылған соң 10 жыл бойы тоқтамауы тиіс. Тек он жылдан соң ғана қайтадан үлкен жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Қазір зауыт құрылысын жүргізген қытайлық компания мұндағы бұрынғы қызметкерлерін толығымен ауыстырып, аталған кемшілікті жоюға жаңа команда жіберді. Аймақ басшысының тапсырмасымен зауытты жедел түрде іске қосу жұмыстары жалғасуда. Біз әр аптаның дүйсенбісінде кезекті штаб отырысын өткізіп, жүргізілген жұмыстарға талдау жасап отырмыз, – дейді Серік Қожаниязов.

Ал компания өкілдерінің айтуынша, арнайы күйдіру пеші тамыз айының аяғына дейін жағылып, зауыт жыл соңына қарай өз өнімін шығарады. Өйткені, аталған пеш үш ай ішінде 1500°С температураға дейін қызуы тиіс. Содан соң өнімін бере бастайды.

Зауыт әлемге белгілі елдер – АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия, Қытай мемлекеті шығарған заманауи технологияларды пайдаланбақ. Тағы бір ерекшелігі – үлкен көлемді және ауыр салмақты шыны табақшаларын кесуге және тасымалдауға роботтар қолданбақшы. Ал шикізаттың 90 проценті өзіміздің өңірден болады.

Жұмысы кеш болса да енді жандана бастаған зауыт игілігін аймақ тұрғындары күткелі көп болғаны рас. Тек шыны зауыты аймақтағы алпауыт кәсіпорынға айналады деген сенімге тағы да селкеу түспесе болғаны.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<