Шырша шырақтары жарқырады

582

0

Сенбі күні орталық алаңда 25 метрлік шырша шамдары салтанатты түрде жағылды. Шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала тұрғындары қатысты.

Аязды күннің ызғарына қарамастан шырша маңына жиналған қызылордалықтар мен қала қонақтары сиқырлы театрландырылған көрініске, жасыл шыршаның жарқыраған оттарына тәнті болды. Әсіресе, кішкентай айтыскерлер, «Балбала» телебайқауының жүлдегері Сырым Басқар мен Еркеназ Өмірбекова суырыпсалма сөз өнерімен жиналған халықты сүйсіндіріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік шарада аймақ басшысы тұрғындарды Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, өңір үшін биылғы жылдың табысты болғанын айтып, әр отбасыға бақ-береке тіледі.

– Биылғы жылы барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткіздік. Кейінгі бес жылда мұнай кен орындарының және уранның нарықтағы сұранысының азаюына байланысты өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан аймақ экономикасын жедел әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қабылданған шешімдер өзінің жемісті нәтижесін беруде. Әсіресе, инвестиция тарту мен құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша айтарлықтай өсім қалыптасқан. Туған елге жанашыр жерлестеріміздің арқасында аймағымызда көптеген жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі.

Жаңажылдық шыршаны жағу рәсімі өңір мақтаныштары  облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Бақтыгүл Шаймұрат пен грек-рим күресінен ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Айдос Сұлтанғалиға берілді.

Мұнан соң мерекелік іс-шара көңілді концертпен жалғасты. Қаланың белгілі шығармашылық ұжымдары көпшіліктің көңілін көтерді. Жаңажылдық кештің сәні әрі басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар балдырғандарды ертегі әлеміне жетеледі.

Орайы келгенде айта кетейік, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдар, білім беру мекемелері, саябақтар, мәдениет мекемелері, сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары мен аудандарда да мерекелік шыршалар орнатылды. Мұның барлығы тұрғындарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<