Сіңлісіне қолдау білдірген қыздың әрекеті көптің жүрегін елжіретті

1064

0

Фото: ашық дереккөз

Ақтауда өткен жарыстардың бірінде дзюдошы сіңлісіне көмектесіп, ерекше айла-тәсілдерді көрсеткен жеткіншек қыздың әрекеті жұртты сүйсіндірді. Әпке мен сіңлі арасындағы бауырмалдық сезімді айқын байқатқан видео TikTok желісінде тарап, көпшіліктің ізгі ілтипатына бөленді деп жазады turkystan.kz.

Жас дзюдошы қыздардың есімі – Зульфия және Мәдина Әбуғали. Мәдина татамиге шыққанда әпкесі Зульфия барынша қолдап, әдіс-тәсілін үйретіп, кимоносын түзеп зор қолдау көрсетеді. Әпке қолдауынан күш алған Мәдина қарсыласын айқын жеңіп, жарыс жеңімпазы атанған.

Әпке мен сіңлі арасындағы қамқорлық пен қолдау, бауырмалдық сезім отбасындағы тәлім-тәрбиеге де байланысты. Қыздардың әкесі – елімізге белгілі айтыскер ақын, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Нұрлан Әбуғалиұлы Мұсаев, ал анасы ағылшын тілі пәні мұғалімі.

Сіңлісіне қолдау білдірген қыздың әрекеті көптің жүрегін елжіретті (ВИДЕО)

Жас дзюдошылар Манарбек Жұбатқанұлы басқаратын «Жас батыр» спорт мектебінде тәлім алады. Зульфияны елімізге белгілі маман Ақниет Тұрдан, ал Мәдинаны жасөспірімдер арасында Маңғыстаудан шыққан тұңғыш ел чемпионы Аманбек Құлқаев жаттықтырады.

Зульфия 2021 жылдан, Мәдина өткен жылдан бастап дзюдоға қатысып келеді. Үлкенім ер мінезді, тік. Кішкентайым сәл әлжуаздау, жуас еді. Зульфия басында биге барып жүрген. Бірақ бүйрегі күреске тартып жүргенін байқап, анасын көндіріп дзюдоға бердім. Басында анасы қарсы болған. Кейіннен Мәдина да еріп барып жүріп қатысып кетті. Аралары 1 жас 7 ай, – дейді Нұрлан Мұсаев.

Айтыскер ақын екі қызынан үлкен үміт күтеді. Бірақ «Мәдина талдырмаш, нәзік еді, одан балуан шығады деп ойламадым» дейді.

Мәдина нәзік, талдырмаш қыз. Одан балуан шығады деп басында ойламадым. Кейін күрескенде түлеп салатынын байқадым. «Жуастан жуан шығады» демекші, жарыста бойындағы бар күш-жігерін салады. Кейде өзім де таңғалып қаламын, – деп ағынан жарылды.

Нұрлан Мұсаев қыздары жеңістің төріне шығып, биік белестерді бағындырса деп тілейді. Отбасында да қыздарын төрге отырғызып, әкелік ақылы мен білген-түйгенін айтып отырады.

Мен үйде қыздарымды төрге отырғызамын. Кейде қонақтар бұл әрекетімді түсінбей таңданып жатады. Қыз – қонақ. Қазақ қызын төрге отырғызып, төресіндей күткен. Мен де осы халық даналығын ұстанамын. Тыйым салатын тұста ескертіп те отырамын. Тәлім-тәрбие, бауырмалдық, қамқорлық, игі іс пен ізгі ой – біздің отбасылық құндылық. Қыздарымның бойына тек жақсы қасиеттер сіңіргім келеді – дейді әке.

YouTube: https://www.youtube.com/shorts/V6viy81LzWg

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<