Сирек кәсіп иесі

478

0

Қала іргесінде тұратын мектеп оқушысы Ұлан Сайлау ата-бабадан қалған ұлттық құндылықтардың мәйегіне кішкентайынан қанығып өскен жан. 14 жасар жеткіншекті қолөнер бұйымдарының хас шебері десек те болады. Қаршадай қыз ерекше сапалы спорттық аяқ киімдер мен жаздық сүйретпелер тоқиды.

Қазір отандық өнімді жан-жақты дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл тұрғыда Ұлан Сайлаудың кәсібі болашақтан көп үміт күттіреді. Ол бойындағы қабілетінің арқасында ерекше сәнді аяқ киімдер даярлайды. Қазірдің өзінде ол дайындайтын өнімге сұраныс өте жоғары.

Ұланның бойындағы талант анасынан берілген. Лаура апай қолы қалт етсе, құрақ көрпеше тігіп, тоқыма тоқиды. Кейіпкеріміздің айтуынша, қазіргідей интернеттің дамыған заманында шеберлік курстарын онлайн оқып, кәсіп бастауға болады. Жас кәсіпкердің бұл іске деген бетбұрысы осыдан екі жыл бұрынғы пандемия кезінде басталған. Ол инстаграм желісіндегі «Алтын қол» парақшасына тіркеліп, Гүлнар Ақбұзауованың көмегімен тігін тігіп, тоқыма тоқуды үйренген. Иә, қазіргі онлайн курстардың тегін болмайтыны белгілі. Кейіпкеріміз 15 мың теңгелік курс оқып, карантин кезеңінде бір орында тұралап қалмаудың жолын іздестірген.

– Жалпы, әрбір кезең адамды бір іске бейімдейді. Карантин уақытында барлығы онлайн форматқа көшті, қимыл-қозғалыс азайды. Бір сөзбен айтқанда адамдардың барлығы телефоннан ары аса алмай қалды. Содан курста алған білімімді пайдаланайын деген ойға келдім. Сөйтіп, аяқ киім тігіп шығаруды қолға алдым. Алғашқы еңбегімді жақындарым көріп, жоғары бағалады. Осылайша өз кәсібімді бастадым, – дейді Ұлан Сайлау.

Шағын кәсібін дөңгелету үшін ол тоқымаға арналған біз бен ирандық жіпті қолданады. Алдағы уақытта кәсібі кеңейіп, сұраныс көлемі артса, озық үлгідегі құрал-жабдықтар алып, шеберхана ашуды мақсат етіп отыр.

– Бұл іспен айналысқаныма бір жылдай болды. Бұрын бір аяқ киімді бір күнде дайындайтынмын. Қазір оған бір сағат уақыт жұмсаймын. Егер де тапсырыстың дайындау жұмысы қиындау болса, 3-4 сағат уақытымды арнаймын, – деді жас кәсіпкер.

Кәсіп ашу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Кейіпкеріміз алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келеді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<