Өркениет күн сайын өрістеп бара жатыр. Ғылым ғажаптары салтанат құруда. Осыдан жүз жыл бұрын қазақ даласында «жұмысшы» деген сөзге әркім түсіне бермейтін еді, енді жұмысты адам емес, «темірқұлдар» атқаратын болды. «Роботқа» жасанды зерде енгіздік. Олардың белгілі бір деңгейде шешім қабылдай алу функциясы «оянды». Енді мына бір нәрсеге ден қояйық. Табиғатты бүлдіретін де, қирататын да, қателесетін де – адам, «робот» қателеспейді. Бір күні олар: «Адамдардан құтылайық, бүкіл проблеманы жасап жатқан адамдар» деуі бек мүмкін. Жасыратын несі бар, дәл қазір болмаса да, алдағы жылдарда дәл осы мәселенің тууы ғажап емес.
Саналы адамзат бұл апаттың алдын алуға міндетті. Ол үшін адам өзінің адами болмысынан, ұлттық құндылығынан алыстамауы тиіс.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан түзілген бағдарлама қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталды. Ұлт ұстынына оралуға жол көрсетті.Елбасы осы бағдарламалық мақаласында таяу жылдардағы міндеттерді белгілей келе: «…Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», – деген болатын.
Сондай-ақ, Елбасы бұл жоба арқылы – ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту; оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру; «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау секілді үш мәселені шешуді алға тартқан еді.
Алғашқы кезеңде жоба тек республика деңгейінде ғана іске асырылып келсе, соңғы уақытта жобаның форматы жетілдіріліп, әр сала бойынша қала және аудан көлемінде табысқа жеткен азаматтарды анықтау үшін жұмыс жасалды.
Расында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы интеллектуалды даму дәрежемізді көтерді, ұлттық кодтың, ұлы сананың тереңіне тартты. Осындай ойлы, саналы, жан-жақты қалыптасқан жастарымыз, олардың әр саладағы жетістіктері «100 жаңа есім» жобасы бойынша сынға түсіп, 2018 жылы облысымыздың төрт азаматы жеңімпаз атанды. Олар: хирург-дәрігер Болатбек Баймаханов, тоғызқұмалақшы Әсел Дәлиева, селекционер-ғалым Александр Подольских және педагог-психолог Сымбат Әбдірахманова болатын.
Адам еңбегін бағалау, оның мәртебесін көтеру, кейінгілерге үлгі ету дәстүрі – халқымызда ертеден келе жатқан естілік. «Жақсы адам атқа мінсе жарасады, жаман адам атқа мінсе адасады» немесе «ат жақсысын мақта, жігіт жақсысын жақта» деген халық нақылдары «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегенге жалғасады.
Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында адам еңбегін бағалаудың астарын былайша ашты: «..Қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы, әдетте, құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр».
Осы сөздің шындығын өмірден көріп те жүрміз ғой. Тіпті, ақпарат ағынындағы бұл қалыптың кешелі-бүгін пайда болмағанын да білеміз. Бір кезде даңқты жазушы Ғабит Мүсірепов: «Біз малшыны емес – малды, егіншіні емес – егінді, шахтерді емес көмірді жазуға төселіп кеткенбіз» деген-ді. Сол сартап жол күні бүгінге дейін жетті. Елбасының «… азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы, әдетте, құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды» деуінің астарында осы ақиқат жатыр.
Бұл жөнінде жақында ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездескен сәтінде ширата айтты.
Президент Тәуелсіздік кезеңінде өсіп қалыптасқан буынның атқарған еңбегі мен өздерін таныта білген қарым-қабілеттерін жоғары бағалады.
Ерекше емдеу тәсілімен көптеген адамға перзент сүю бақытын сыйлаған дәрігер-репродуктолог Айдос Ибрагимовтің, жақында ғана «Grammy» сыйлығын жеңіп алып, Қазақстан үшін ғана емес, ТМД үшін де теңдессіз жеңіс әкелген Иманбек Зейкеновтің есімін атады.
«Сіздердің жетістіктеріңіз кез келген статистикадан артық. Осынау керемет жоба сіздерді одан әрі дамуға ерекше талпындырып, қоғам мен ел игілігі үшін жаңа идеяларды іске асырудың кең көкжиектерін ашты деп сенемін. Еліміз өзінің дарынды жастарының көптігімен мақтана алады және мақтануға тиіс. Қазақстанның болашағы сіздердей прогрессивті, талантты, патриот жастардың қолында. Сіздер мемлекеттің басқару тізгінін қолға алуға дайын болуларыңыз керек. Ал, біз, яғни, аға толқын, осы айтқан сөзіміздің шындыққа айналуы үшін барлығын жасаймыз», – деді Қ.Тоқаев.
Жеке тұлғалардың жетістігін кез келген статистикадан жоғары қоюдың сырына байыптап қарасақ, еліміздің алға басуы әр адамның еңбегі мен жетістігінен құралатынын анық сезінеміз. Мұның Мемлекет басшысы тарапынан ерекше назарға алынып, дарынды жастардың дәріптелуі – өте құптарлық, қуанарлық іс. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі былай дейді: «Жүз жаңа есім» жобасы қазақстандық арманның анық іске асқанын көрсетеді. Әрбір талантты, еңбекқор, мақсатшыл адам осы заманның батыры және ұлт мақтанышы бола алады. Сіздер сияқты табысты азаматтар неғұрлым көп болса, еліміздің бәсекеге қабілеті соғұрлым арта түседі. Халқымыздың мерейі де үстем болады. «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты да – осы».
Расында, жүзден жүйрік болған азаматтарымыз, Президент айтқандай, ұлт мақтанышы бола алатын есімдер. Мәселен, қызылордалық ұстаз, аудармашы, психолог Сымбат Әбдірахманова табысқа жету үшін міндетті түрде мол қаражат керек емес деп есептейді. Тек еңбек ете білу керек. Ал, еңбек еткен адам қай уақытта да қолдауға ие болады деп біледі жас дарын. Сымбат бірнеше тілді меңгерген, ешқандай артық шығынсыз балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдер құрастырумен танылған талант иесі. Ол өзінің «100 жаңа есім» жобасында жеңіске жетуін соны қадамдарымның баспалдағы болды дейді. Үлкен жауапкершілік, алға ұмтылушылық пайда болғанын айтады. Жоба жеңімпазы атанған соң Сымбат кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алумен айналысып, Еуропа психиаторлар қауымдастығының мүшесі болған. Оңтүстік Африкада өткен психикалық денсаулық саласының сарапшылар отырысына қатысқан. «Отпен ойнама, балақай!» мультфильмі аниматорлар фестивалінде арнайы жүлде алған.
Бүгінгі лексиконмен айтсақ, жоба әсері дарынды жасқа қаншама мотивация, стимул алып келген!
Сократтың «өзіңді өзің таны» этикалық принципі, Абайдың «адам бол» қағидаты бүгінгі әрбір жастың бойынан табылып жатса, «Мәңгілік Ел» идеясының тұғыры шынымен де мәңгілік болмақ.
Біз бүгінде Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық шежіресін жазып жатырмыз. Осы шежірені тарқатып талдайтын ертеңгі ұрпақ бүгінгі дарынды, елшіл жастардың ізімен жүріп, ізгілікке ұмтылатыны анық. Демек, біз бүгініміз арқылы ертеңіміздің бет-бейнесін қалыптастырып отырмыз. Сол даңғыл жолға бастайтын жобаның бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі».
Ұлы Абай «адам» және «пенде» деген ұғымдарды саралаған. «Пенденің» тұрағы – өткінші жалған, ал, адам – дүниенің, мәңгіліктің туындысы.
Тәуелсіз Қазақ елінің де төрге шығарып отырғаны – адам бейнесі, оларды жарқырата көрсету.
«100 жаңа есім» жобасының жаңа маусымында да Сыр елі жасампаз жастарының жарқырай көрінетініне күмәніміз жоқ.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<