Алашқа ана атанған Сыр елінде әлемге әйгілі жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, Абайтану ғылымының негізін салушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай «Сөздің кені, ойдың кемелі» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қазақ әдебиетінің классигі, қазақ қаламгерлерінің арасында тұңғыш рет КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған М.Әуезовтің бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясы жүзден аса тілге аударылып, 200 томдық еңбегі әлем әдебиеті кітапханасынан орын алғанын атап өтті. Сондай-ақ осыдан 25 жыл бұрын жазушының 100 жылдығы дүниежүзі бойынша аталып өтуі қазақ әдебиетінің тарихындағы айтулы оқиға болғанын айтты.
Сөз додасы басталарда айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың «Тектілік пен тереңдіктің қайнары» атты кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.
Айтыс алаңында 12 ақын өнер көрсетті. Бірінші кезеңде 6 жұп болып өнер көрсетсе, екінші кезеңде қатарынан оза шауып, қалың көрерменнің қошеметіне бөленген 6 ақын 3 жұп болып финалда бақ сынасты.
Дүбірлі доданы айтыстың абаданы атанған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Қазылар алқасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова (төраға), Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Серпер» және «Алтын қалам» ұлттық сыйлықтарының лауреаты Ақберен Елгезек, ақын, киносценарист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ұларбек Нұрғалымұлы, Қ.Мырзалиев атындағы өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов сынды талантты ақындар төрелік етті. Ақын, М.Ерәлиева атындағы Мәдениет үйінің директоры Нұрмат Мансұр айтыстың бас сарапшысы болды.
Қазақ әдебиетін әлемге танытқан М.Әуезов әлемі ақындар жыры арқылы жаңа бір қырынан көрініп, адами келбеті айқындалып, абыройы асқақтай түскендей. Айталық, айтыста жазушы шығармаларының мән-мағынасы ашылып, кейіпкерлер туралы келелі пікірлер айтылды.
Айтыстың алғашқы жұбы – жерлесіміз Сырым Әділбеков пен Тараз қаласынан келген Рай Дөңбаевтың айтысында, Сырымның:
…Кітапты телефонмен алмастырып,
Соңынан барамыз-ау, қайда, кімнің?
«Абай жолын» оқымай бүгінгілер,
Оңай жолын іздеп жүр бай болудың! – деген ұтымды сөзі шындығында, нысанаға дөп тиді.
Абай өңірінің айтулы ақыны Рүстем Қайыртайұлы мен Сыр бойының ақын қызы Мөлдір Айтбай қыз бен жігіт арасындағы әдебі келіскен, әзілі жарасқан әдемі айтыстың үлгісін көрсетті. Айталық, «Абай жолы» шығармасын сахнада сомдайтын болсаң, Ділда мен Айгерімнің қайсысын таңдар едің?» деген қарсыласының сауалына Мөлдірдің «Тоғжанды таңдаймын» деп тосын жауап қайтарғаны ұғынықты да ұтымды нұсқа болды. Сондай-ақ, Рүстем Қайыртайұлының
Ес біліп, еңсе тіктеп қалсақ-дағы,
Қаңтарды айтса, жаурайды жан шатқалы.
Тағы да Әуезовтің жолыменен
Жағдайды суреттейін сол шақтағы, –
деп келіп, «Арасы байлық пенен кедейліктің Оспан мен Оразбайдай алшақтады» деп түйіндеген сөзі әлеуметтің көкейіндегі ауыр ойды дөп басқандай болды.
Сыр топырағынан шыққан Мейірбек Сұлтанханның айтыстағы аяқалысы әу бастан-ақ елді елең еткізіп, әлі күнге талантымен тамсандырып келеді. Кешегі айтыстың қорытынды сөзі де Мейірбектің мағыналы жырынан көрініс тапты. Мысалы, «Құдықтың түбіндегі құрбақаға, Көк аспан көрінеді тостағандай» деп астарлай келіп, өзекті удай ашытқан тарихтың ащы сабағын толғауы тоқсан қызыл тілмен төкпелей жырлап, соңғы нүктесін қойды:
…Хан Кенені арнайы жазды емес пе?
Тақырыпқа айналған тас қамалдай.
Далама ашаршылық келген кезде
Басын бұғып қалған жоқ басқалардай.
Жұттан елді құтқарған Мұхтар еді,
Жұрт жатқанда ішерге ас таба алмай.
Әлихан, Ахметпен бір жүргені
Алаш үшін алғашқы бастамамдай.
Сол үшін де ұлтшыл деп қудалады,
Жабырқатып, жанынан дос таба алмай.
Пана іздеп, Мәскеуге де бармап пе еді?
Жыртқыштың тырнағынан қашқан аңдай.
Мұхтардың мықтылығын танытуға
Тарихтан мысал керек, басқа қандай?
Әуезовті Алаштан алшақ қою,
Аспаннан айды бөліп тастағандай!
Ұлттық құндылықтар ұлықталып, сөз маржаны төгілген жыр додасында Сырдың ақын қызы Мөлдір Айтбай мен астаналық Шұғайып Сезімхан ІІІ орын иеленсе, айтыстың ақтаңгері, Арқалықтан келген ақын Айбек Қалиев пен жас талант, арқалы ақын, Аралдың тумасы Бексұлтан Орынбасаров ІІ орынды еншіледі. Ал І орынды сұлу сөздің сұлтаны, шиелілік ақын Мейірбек Сұлтанхан алса, бас жүлдені Абай облысының тумасы, қазақ айтысының қадір-қасиетіне терең бойлаған ақын Рүстем Қайыртай қанжығасына байлады. Сондай-ақ, сөз қадірін өз қадірім деп білетін Сырдың халқын жасын жырдың жарқылымен сүйіндірген барлық ақынға демеушілер атынан қаржылай сыйақы табысталды. Сонымен қатар, Темірбек Жүргенов атындағы арнайы жүлдені Ержеңіс Әбдиев және Тілеген Әділ, М.Көкенов атындағы арнайы жүлдені Ержан Әміров, М.Тұрсанов атындағы арнайы жүлдені Серік Қуанған, Замаддин Ибадуллаев атындағы арнайы жүлдені Р.Дөңбай, Б.Жаппасбаева атындағы арнайы жүлдені Сырым Әділбек иеленді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<