Сол жағалаудың сәнін келтірген сапаржай

295

0

Өңірде көлік-логистикалық нысандарды жаңартуда үлкен жетістік бар. Соның бірі – сәуір айында пайдалануға берілген жаңа автовокзал.

Қазір күніне 90 жолаушы жаңа нысаннан Алматыға қарай жолға шығады. Мұнан өзге Астана, Сарыағаш қалаларына бағыттар қосылуда. Сырдарияның сол жағалауынан салынған сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқандықтан, автобустар қала ішіне кірмейді. Жаңа нысанның қазіргі тіршілігін көзбен көріп қайттық.

Әр жолаушыға жайлылық сыйлайтын автовокзал  аумағы тап-таза. Сырттан келген адам әуелі күту залына өтеді. Төрде орналасқан кассадан билет алып, арнайы таблодан автобустардың жүру кестесін көре алады. Мұнда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Сонымен бірге ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған. Одан бөлек мүгедектігі бар жандардың кедергісіз қозғалысына қажетті құрылғымен жабдықталған.

Бір мезетте 200 жолаушыға қызмет көрсететін автовокзалда 38 бағытқа рейс ашылады. Сапаржайды салуға өңір қазынасынан 975 миллион теңге жұмсалды.

«Тасбөгет», «Белкөл», «Ақжарма» секілді қаланың шеткі аудандарынан қатынайтын қоғамдық көліктен бөлек, 11 ауданаралық автобустарға қызмет көрсететін сапаржайдан көршілес мемлекеттерге де бағыт ашылған. Автовокзалда жолаушыларды түсіруге 6, сапарға аттанатындарға 11 перрон қарастырылған.

– Облысаралық, ауданаралық және 1 мемлекетаралық маршрутты қамтамасыз етіп отырмыз. Жұмыс жүргізу кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бүгінде Арал, Қазалы, Төретам, Қармақшы және Бекарыстан би бағыттары бойынша жол жүру билеттері автовокзалдан және теміржол вокзалы маңынан сатылуда. Өйткені, теміржолдан түскен жолаушыларға сол жерден автобустарға мінген ыңғайлы. Жаз мезгілінде Ташкент қаласына бірнеше рет жолаушылар тасымалдадық. Қазір маусымдық кезеңге байланысты тоқтап тұр. Халықаралық бағыт болғандықтан, шекарадан өту, қаланың ішін аралауда мәселелер туындауда. Алдағы уақытта жолаушылар ұсынысы негізінде  жаңадан бағыттар санын арттырамыз. Қазір күнделікті кешкі сағат 17.00-ден бастап Алматыға қарай автобустар үздіксіз қатынап тұр. Басты мақсат – жолаушыларға сапалы қызмет көрсету, – дейді «Автобус паркі» ЖШС директорының автовокзал бойынша орынбасары Жансұлтан Елшекенов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын. Сол жағалаудың сәнін келтіріп тұрған жаңа автовокзал өңір экономикасын арттыруға үлес қоса бермек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<