Аймақта нефрология қызметін дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде облыстық қан орталығындағы қандағы такролимус концентрациясын анықтайтын аппаратқа реагент жеткізіліп, бүйрегі ауыстырылған тұрғындарға талдау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, орталық қалалық емханаға иммунохимиялық анализатор аппараты сатып алынып, қондырғы іске қосылуда.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары 11,2 млрд теңгеге 27 денсаулық сақтау нысан құрылысы, 2025 жылға дейін Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын көпбейінді аудандық аурухана деңгейіне жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сол жағалауда 2,9 млрд теңгеге облыстық қан орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орынға арналған 36,4 млрд теңге болатын көпбейінді аурухана құрылысы басталды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары А.Көлгіновтің жұмыс сапары кезінде Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов денсаулық сақтау нысандары бойынша атқарылып жатқан шараларды баяндады.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы 200 төсек орынға арналғанымен, үстемемен жұмыс жасауда. Облыс әкімінің қолдауымен 150 төсекке арналған көпбейінді қалалық балалар ауруханасын жергілікті бюджет қаражаты есебінен ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жас аналарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесі ашылмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық стандарттарға сай 200 төсектік перинаталдық орталық салу мәселесі де пысықталып, нысан құрылысына 3,7 га жер учаскесі бөлінді.
Биылға медицина ұйымдарын техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге қарастырылған, оның 72% ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталып отыр.
Астана қаласы Ұлттық ғылыми медицина орталығының кардиохирург дәрігері Марат Мыңбаев туабітті ақаумен есепте тұратын 62 балаға кеңес беріп, 18 бала отаға жолданды.
Акушерлік-гинекология саласы бойынша республикалық куратор, Акушерия-гинекология және перинатология ғылыми орталығының дәрігері Б.Төленова облысымызға іссапармен келіп, медицина ұйымдарына тәжірибелік көмек көрсетті.
Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығының психоневрология бөлімінің меңгерушісі, невролог дәрігер А.Әлімжанова көпбейінді облыстық ауруханаға келіп, «Церебральды параличте күтім ерекшелігі», «1 жасқа дейінгі балалардың жүйке-психикалық дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасынан лор бөлімшесінің ашылуы – балалардың денсаулығын одан жақсарту үшін жасалып отырған шара.
Арал (Арал, Қазалы балаларына) және Жаңақорған аудандарында (Жаңақорған, Шиелі) «Қамқорлық» ауданаралық оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Бұл бастама 5000-ға жуық ерекше баланың тиісті оңалту шараларын тұрғылықты жерінде алуына мүмкіндік береді.
Жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағановтың төрағалығымен жарақат алу және жазатайым оқиғалар, оның ішінде жол-көлік апаты кезіндегі медициналық көмек көрсету бойынша үйлестіру кеңесі өткізілді. Кеңеске сала басшылары қатысып, хаттамалық тапсырмалар берілді. «Қызылорда-Жезқазған» және «Арал-Ырғыз» трассаларының бойында жол-көлік оқиғалары жиі болатыны белгілі. Бұл трассаларда бірде-бір медициналық ұйым орналаспаған. Сондықтан 2 трассалық-медициналық құтқару бекетін ашу туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне ұсыныс хат жолданды.
Басқарма басшысы Байқоңыр қаласы, Арал және Жаңақорған аудандарына жұмыс сапарымен барып, медициналық ұйымдар жұмысымен танысты. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жеке қабылдау өткізді.
Облыс тұрғындарына травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсетуді жақсарту үшін Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасының травматология бөлімшесінің аға дәрігері А.Кузнецовтың қатысуымен «Полижарақат» тақырыбында семинар өткізіліп, облыстың травматолог мамандары тәжірибе алмасты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының шақыртуымен аймағымызға Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы құрылған жұмыс тобы келіп, жастарды солтүстікке тарту мен жұмыспен қамту бағдарламасын түсіндірді. Қызылорда медициналық жоғары колледжінің мәжіліс залында бітіруші түлектермен кездесу өткізді.
Басқарма басшысының жеке қабылдауында 94 азаматтың мәселесі қаралды. Оның ішінде 89 жеке тұлғадан, 5 заңды тұлғадан өтініш келіп түсті. Осы өтініштердің 60-ы оң шешімін тауып, 24-не заң аясында түсінік берілді.
М.Мерей
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<