Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің ұйымдастыруымен облыс соттары қызметкерлері арасында «Тәрбие – ұлттың қазығы» атты шығармашылық байқау өтті.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттау, ұлттық тәрбиені келешек ұрпақтың бойына сіңіру және сот қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында өткізілген игі шараға қызмет пен өнерді қатар алып жүрген 14 қызметкер қатысты.
Байқауға ардагер судья, облыстық билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейітов, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы С.Сүлеймен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Айтбаева, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Д.Аяшұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Бибітова қазылық етті.
Сайысты С.Сүлеймен ашып, бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген жас қызметкерлердің мемлекетшіл, адал, әділ болатынын айтты. Мұндай қасиеттердің әсіресе, адам тағдырына билік айтатын сот қызметкерлері үшін маңызды екеніне тоқталды. «Сот саласындағы шығармашылыққа жаны жақын өнерпаз қызметкерлердің қабілетін арттыру мақсатындағы мұндай сайыстар жиі өткізіліп тұрады. Жас қызметкердің әдеті, әдебі, білімі, бейімділігі сынға түсетін байқаулардың қорытындысы олардың болашақтағы қызмет сатысында да есепке алынатын болады», – деді ол.
Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар тақырып бойынша эссе жазды. Алдын ала дайындалған шығармада қатысушылар ұлттық тәрбие хақындағы орамды ойларын бөлісті. Екінші кезеңде қатысушылар өнер көрсетті. Бірі салт-дәстүрлер бойынша көрініс қойса, енді бірі домбырамен күй шертті. Келесі бір талапты өзі жазған өлеңін оқып, бірі ледэкран арқылы ұлттық тәрбие маңызын насихаттаған бейнежазбасын көрсетті. Ал, үшінші кезеңде ұлттық құндылықтарымыз төңірегінде сұрақ қою арқылы қатысушылардың ой ұшқырлығы сыналды.
Байқау қорытындысында Байқоңыр қалалық сотының бас маманы Н.Нұрбайқызы І орынға лайық деп танылды. Сырдария аудандық сотының жетекші маманы О.Дүйсенов жүлделі ІІ орынды олжаласа, облыстық соттың маманы Л.Әбдуәли ІІІ орынға ие болды.
Мұнан бөлек қазылар шешімімен Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы А.Жақыпбек «Үздік ұлттық киім үлгісі», Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы М.Мұсабек «Үздік шығарма», облыстық соттың бас маман-сот отырысының хатшысы А.Молдаш «Үздік туынды», мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының маманы Б.Ердәулет «Белсенді қатысушы» номинациялары бойынша жүлдеге ие болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің арнайы «Белсенді қатысқан мемлекеттік қызметші» номинациясын Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Д.Камзаевқа табысталды.
Жарыс соңында қазылар алқасы ұйымдастырушыларға, қатысушы мамандарға ыстық ықыластарын білдіре отырып, сын-ескертпелері мен ақыл-кеңестерін айтты.
Ардақ ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,
Қызылорда облысы Соттар әкімшісінің Ақпараттық
қамтамасыз ету бөлімінің басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<