«Сот репортері» байқауы басталмақ

522

0

Фото автордан

Биыл қазан айында елiмiзде Қазақстан Судьялар Одағының IX съезін өткізу жоспарланған. Осыған орай одақтың өңірдегі филиалы мен облыстық сот бірлесе отырып, журналистер арасында «Сот репортері» байқауын ұйымдастырмақ. Бұл жайында облыстық сот ғимаратында өткен брифингте Судьялар Одағының облыстық филиалының төрағасы Бақытбек Елшібеков мәлімдеді.

Алдымен Судьялар Одағының республикалық қоғамдық бірлестік саналатынын айта кеткен жөн. Нақты бір істерге төрелік жүргізу мен сот саясатына араласпайды. Басты мақсаты – сот жүйесін жетілдіріп, саладағы қызметкерлердің әлеуметтік мүддесін қорғау.

– Қазақстан Судьялар Одағының съезі ең алғаш рет 1996 жылы 19 желтоқсанда Алматыда өткізілді. Сол уақытта судьялар қауымдастығы ретінде Судьялар Одағының жарғысы кабылданып, мақсат-міндеттері белгіленді. Судьялардың съезі Судьялар одағынын жоғары органы болып саналады. Кем дегенде үш филиалдың талабы бойынша төрт жылда бір рет шақырылады. Судьялар одағының мақсаты мен міндеті жетерлік. Сот билігінің беделін арттырып, судьялардың әдеп кодексінде койылған талаптарды орындауын бақылап, олардың тәжірибе алмасуын, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгiзуін қамтамасыз етеді, – деді Б.Елшібеков.

Айтулы съезге орай өткізілетін байқауда журналистердің тақырыптық ауқымы кең болмақ. Мәселен, журналистер газет, журнал, сайт немесе бейнесюжет пен бағдарламаларда авторлық жұмыстары ретінде қоғамдағы заңдылықты, тәртіпті нығайтудағы соттың рөлін, сала ардагерлерін, сот жүйесіндегі тың өзгерістердің халыққа пайдасын, судьялардың ауыр да мәртебелі жұмысын қозғай алады.

Жалпы, байқау екі кезең бойынша өткізіледі. Біріншісінде материалдар 1 наурыздан 15 маусымға дейін, екінші кезеңде 1 шілдеден 15 қарашаға дейін қабылданады. Екі кезең жеңімпаздары саралау нәтижесінде маусым мен қараша айында марапатталады. Қосымша ақпараттарды одақтың өңірдегі филиалы мен облыстық сот әлеуметтік желідегі парақшалары мен сайттарында жариялайды. 

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<