Сот шешімін орындау тәртібі

4720

0

Заңды күшіне енген соттың шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Себебі, сот шешімі орындалуымен құнды. Орындалмаса, оның бағасы да болмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 241-бабында соттың шешімін орындауға жіберу тәртібі көзделген.

Шешімдер дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енгеннен кейін аталған кодексте белгіленген тәртіппен орындауға жіберіледі.

Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін атқару парағы жазылып беріледі.

Ал, мүлік тәркіленген, мемлекет кірісіне өндірілген, сондай-ақ қылмыспен келтірілген нұқсан, алименттер, тарапы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол жазылып берілген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жібереді.

Соттың дереу орындалуға тиісті шешімі бойынша атқару парағы шешім шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей жазылып беріліп,орындауға жіберіледі.

Атқару парағын бірінші сатыдағы сот шешімі заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазып береді. Атқару құжаты судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық атқару құжаты нысанында жазылып берілуі мүмкін.

Соттың әрбір шешімі бойынша атқару құжаты беріледі. Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі немесе оның арызы бойынша тиісті әділет органына немесе сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшін жіберіледі.

Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс. Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сомма, барлық жауапкерлерден және олардың ортақ жауаптылығы көрсетілуі керек.

Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаса, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданған шаралар және талап қоюды қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүліктің тұрған жері және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәліметтерді қамтитын құжаттардың көшірмелері атқару құжатына қоса беріледі. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы құжаттар судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында қоса беріледі.

Сот орындаушысы атқару құжаты орындалған жағдайда шешім шығарған сотты бұл туралы он жұмыс күні ішінде хабардар етуге немесе «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Респуликасының Заңында белгіленген мерзімі өткен  соң орындалмау себептері туралы ақпарат беруге міндетті. Мәжбүрлеп орындатуға атқару құжаты ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.

Соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады.

Алайда, өкінішке орай,бізде сот шешімі шығып, заңды күшіне енгенімен, оның орындалуы көңіл көңшітпей жататыны жасырын емес. Көп жағдайларда борышкерден қарызды және алимент өндіру туралы сот шешімі орындалмайды, оны сот орындаушылар бірнеше рет әкімшілік жазаға тартып, тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тарта алады. Борышкерлердің көбі сот шешімі шықпай жатып-ақ өздерінің аттарындағы дүние-мүліктерін өзге туыстарының атына жаздырып, жауапкершіліктен қашады. Осылайша борышкерлердің атында ешқандай дүние-мүлік жоқ болып шығады. Кейбіреулер соттың шешімін орындаудан жалтарады. Тіпті кейде сот орындаушыларының өздерінің ар-намысына тиіп, қарсылық көрсетіп, оларды да жүгіртіп, әбігерге салады. Сондай-ақ, сот орындаушылардың әрекетіне дау айтатындары да жоқ емес. Әрбір азамат мемлекет заңдарын сақтауға, сот шешімін орындауға міндетті.

Қ.Амангелді,

Қызылорда қалалық сотының

жетекші маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<