Сот жүйесіндегі өзгерістер жұмыс сапасын арттырады

391

0

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманың одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері биылғы жылдың 3 ақпанында заңды күшіне енді. Аталған Заң — Елбасының «Ұлт жоспары» және сот төрелігінің сапасын арттыру мен сот жүктемесін төмендету туралы тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылған сот реформаларының жалғасы. Бұл заңға қатысты жұмыстар 2018 жылы «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.
Заң нотариустардың атқару жазбасы арқылы ақшалай міндеттемелерді өндіріп алу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Нотариустар атқарушылық жазбаны оған жүгінген кезде әзірлеуге міндетті. Бұл тез әрі өте ыңғайлы. Сонымен қатар даусыз қарыздарға баламалы өндіру әдістері алынып тасталды. Заңға енгізілген өзгерістер азаматтардың бірқатар даусыз талаптарымен тек нотариусқа ғана жүгінуі тиіс екендігін айқындайды. Осыған байланысты биылғы жылдың 3 ақпанынан бастап дауды соттан тыс реттеу рәсімін сақтамаған арыздар қайтарылады.
Азаматтық процестік кодексте нотариусқа жүгіну үшін қосымша ынталандырулар жасалады. Мысалы, егер талап қоюшы дауды шешуді талап етсе, судья талап қоюдың негізділігіне қарамастан, іс бойынша сот шығындарын талап қоюшыға жүктеуге құқылы.
Осылайша атқарушы жазба жобасының дамуына жол ашып, бұрын сотта қаралған талаптардың 20 пайыздан астамы нотариустарға берілетін болады. Азаматтық процестік кодексте көзделген 18 бұйрық арқылы іс жүргізу өндірісінің 9-ы нотариатқа тапсырылады.
Атап айтсақ, бұлар — орындау мерзімі басталған жазбаша мәміле бойынша еңбекақыны өндіріп алу, ломбардтардан кепіл затын өндіріп алу, лизинг нысанын талап ету, коммуналдық төлемдер мен ПИК төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу, жалға алу төлемдері және басқа да тек нотариустармен қаралатын даусыз талаптар.
Сондай-ақ нотариусқа жүгінген тұлғаның шығындары борышкермен өтелетіндігі, ал есептелген, бірақ төленбеген еңбекақы өндіріп алу туралы талап бойынша өтініш білдіргендер нотариустың қызметіне ақы төлеуден босатылатындығы жөнінде толықтырулар енгізілді.
Заңда атқарушы жазбаны орындағаны үшін төлем көзделген. Атап айтсақ, дифференциалды төлем енгізілді. Мәселен, жеке тұлғалар үшін төлем өндіріп алынатын соманың немесе талап етілетін өзге жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 0,2 пайызы, бірақ 0,5 айлық есептік көрсеткіштен кем емес және 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес болуы керек. Ал заңды тұлғалар үшін өндіріп алынатын соманың немесе талап етілетін өзге жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 1 пайызы, бірақ 1 айлық есептік көрсеткіштен кем емес және 100 айлық есептік көрсеткіштен артық емес болуы керек.
Бұл жаңалықтар азаматтардың материалдық және моральдық шығындарын азайтатынын растайды. Атқарушылық жазба атқару парағының күшіне ие және ол бойынша өндіріп алу атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес жүргізілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ берешекті осы тәсілмен өндірудің артықшылықтарына тоқталсақ:
Біріншіден, қаражатты үнемдеу. Бұл тұрғыда нотариустың атқарушы жазбасын орындау жарнасы сот шығындарынан айтарлықтай төмен;
Екіншіден, сот бұйрығын беруден оның айырмашылығы, нотариуспен атқару жазбасын орындау үшін борышкердің келісімі талап етілмейді.
Үшіншіден, сотта қаралумен салыстырғанда нотариаттық іс-әрекеттердің мерзімдері өте қысқа.
Демек, атқарушы жазба нотариустың жаңа нотариаттық әрекеті ретінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған іс-әрекеттердің тәртібін жеңілдетеді.
Қорыта айтқанда, Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты функциялары өзгертілген соттар мен барлық билік органдарының үйлесімді жұмысы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, жұмыс сапасын арттырады. Сондай-ақ даусыз талаптарды қолжетімді және жедел шешуге, жеке және заңды тұлғалардың материалдық шығындарын үнемдеуді қамтамасыз етеді деп ойлаймын.

М.Еркінбеков
Қызылорда қалалық сотының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<