СПЕКА елдері: Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көпір

571

0

Мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президентімен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды.

– Бұл Сіздің мемлекеттілікті нығайтуға, халқыңыздың әл-ауқатын көтеріп, Бакудің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттыруға бағытталған мықты көшбасшылығыңыздың, көреген әрі дана саясатыңыздың арқасында іске асты. Менің ойымша, бұл – шын мәнінде, тарихи оқиға, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың  қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз, – деді Мемлекет басшысы. 

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті СПЕКА саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Ильхам Әлиев Қазақстан Президентін келесі жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға баса мән берілді. Жуық арада Қазақстанда Әзербайжанның, ал Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады.

Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Орталық Азия елдері басшылары мен жиынға қатысушы құрметті қонақтарға ілтипат білдірді.

– Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болды.

Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өткім келеді. Арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Былтыр Қазақстанның төрағалығы аясында біз Бағдарламаның негізгі бағыттары жөніндегі ықпалдастықты нығайтып, оны жүзеге асыру үшін маңызды шаралар қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады.

Президенттің пікірінше, өндіріс саласында тең негізде ауқымды жобаларды жүзеге асыру аймақ мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайта түседі. Аймақ бүгінде халықаралық көлік-транзит бағыттарын дамыту және әртараптандыру ісінде өте маңызды рөл атқарады. Шын мәнінде, СПЕКА елдері Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көпірге айналды. 

– Соңғы 15 жылда еліміз көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Барлық серіктесті Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы мен ЭСКАТО тарапынан техникалық және сараптамалық тұрғыдан белсенді қолдау күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар экология саласындағы ынтымақтастықтың мәні зор.

– Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде бір кездері әлемдегі ең ірі тұйық су айдындарының бірі болған Арал маңындағы қоршаған орта деградациясының алдын алу жұмыстарын күшейтуге ерекше мән бермек. Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуал да алаңдаушылық туғызады. Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайды. Биоресурстар қысқарып, антропогендік ластануға ұшырап жатыр. Каспийді құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығына айналуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осынау бірегей су айдынының жағдайын жақсарту үшін ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз Каспийдің бейбітшілік және мүмкіндіктер теңізі ретіндегі мәртебесін нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Осы ретте Президент СПЕКА мемлекеттерінің басшыларын баламалы энергия көздеріне көшу мәселесінде бірлескен іс-әрекетті жандандыруға және Алматыда Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын қолдауға шақырды.

Президент сөзін қорытындылай келе, бұл Саммит Арнайы бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін нақты механизмдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық және стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<