Сыр өңірінде спорт саласы бойынша серпінді істерге жол ашылды. Облыстың барлық ауданында заманауи инфрақұрылымның саны артты. Жаңашыл жобалар жүзеге асты. Бұл ел намысын қорғайтын талантты жастарға мол мүмкіндік туғызып отыр. Облыс бойынша бүгінде 47 спорт кешені, 12 стадион, 13 теннис корты және 9 жүзу бассейні халыққа қызмет көрсетеді. Ол жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануға негіз қалап, спортқа қызығушылар санын арттыра түсті. Осындай игілікті істермен жергілікті журналистер қаладағы бірнеше спорт кешенін аралау барысында танысты.
Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан «Тасбөгет» кентіндегі №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаңа ғимараты былтыр ел игілігіне берілген еді. Нысанда еркін күрес, таэквондо, қазақ күресі, самбо, каратэ секілді спорт түрлерінен 438 жас өрен тәлім алып жүр.
– Бізді бала кезінен спортқа бауыр басқан жеткіншектердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Жаңа ғимаратта барлық жағдай жасалған. Қазіргі заман талабына толықтай сай келеді. Кең және жарық ғимаратта балалар тәжірибелі бапкерлерден тәлім алып, шеберлігін жетілдіреді. Олардың арасында көптеген жарыста топ жарып жүрген жеңімпаз шәкірттеріміз бар. Біз талантты жастарды табуға көңіл бөліп, оларды қолдауға назар аударамыз, – деді балалар-жасөспірімдер мектебі директорының орынбасары Алмат Қаленов.
Сондай-ақ биыл қазан айында облыс басшысының қолдауымен қаланың сол жағалау бөлігінен ашылған «Үстел теннисі орталығына» қазірдің өзінде қызығушылық білдіріп жүргендер аз емес. Кейінгі жылдары өңірде спорттың аталған түріне ерекше қамқорлық көрсетіліп отыр. Орталықта білікті бапкерлер қызмет атқарып, жылдамдық пен шеберлікті қажет ететін үстел теннисін жастар арасында кеңінен насихаттай түсті. Халықаралық стандартқа сай салынған ғимаратта 16 теннис үстелі, 350 жанкүйерге арналған орын бар. Бір мезетте 32 спортшы жаттыға алады. Мұнда 3 бапкер 200-ге жуық жасөспірімнің үстел теннисінің қыр-сырын меңгеруіне қолайлы жағдай жасап отыр. Қазірге дейін Аделя Әлжанова мен Әлем Би Айдарбек түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрініп үлгерді.
2013 жылдан бері аймақ тұрғындарына қызмет көрсетіп келе жатқан «Мұз айдыны» екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында ойын залы, грек-рим күресі, көркем гимнастика, мұз алаңы, жаттықтырушы-оқытушылар, қызмет көрсету бөлмелері бар. Екінші қабатта әкімшілік қызметкерлер бөлмелері, би залы орналасқан. Қазіргі таңда мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал «Наман ата» қоғамдық қорына қарасты «Мың бала» спорт кешенінде 12 үйірме бар. Жеткіншектер грек-рим күресі, бокс, дзюдо, қазақша күрес, кикбоксинг, баскетбол, волейбол, футбол, самбо секілді спорт түрлерінен тәлім алады. Оларға 26 бапкер қызмет көрсетсе, 19-ның біліктілігі жоғары.
– Жалпы аумағы 6000 шаршы метрлік ғимаратта 1000-ға жуық оқушы тәрбиеленуде. Олардың ішінде 22 Қазақтан, 1 Әлем чемпионы бар. Жыл басынан бері 21 спорт шеберіне үміткер шықты. Спортшылар «Абай-Дәулет» ЖШС-ның қолдауымен көптеген жарысқа қатысуға мүмкіндік алып жүр, – деді «Наман ата» қоғамдық қорының директоры Садырбек Жұмабеков.
Облыс орталығындағы «Евразия» спорт кешені аймақтағы ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық-сауықтыру және денешынықтыруды дамытуға ерекше үлес қосуда. Бұл орында барлығы 67 маман қызмет атқарады. №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне қарасты кешенде футзал, бокс, дзюдо, тренажер залдары және бассейн орналасқан. Бұл орындарда республикалық және облыстық деңгейдегі түрлі жарыстар мен турнирлер өтеді. Мұнда спорттың 6 түрі бойынша 30 топта 400-ден астам спортшы шұғылданады. Олардың арасында Нариман Молдабек, Диляра Төрәлиева, Олжас Көлкеев, Артур Смағұлов пен Темірлан Якияев, дзюдодан Әділет Керейтбай, Диляра Тынышбаева, Мағжан Жұмажан секілді жастар бар.
– Өңірде 33 спорт мекемесі жұмыс істейді. Оның 4-еуі кәсіби спорт клубы болса, 29-ы – спорт мекемелері мен жоғары спорт шеберлігі мектептері. Сол арқылы 22 266 баланың жаттығуына жағдай жасалған. Кейінгі екі жылда аймақта 13 спорт кешенінің құрылысы басталып, қазірге дейін 9-ы пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы 4-і ел игілігіне айналады. Биыл сол жағалаудан «Үстел теннисі орталығы» ашылса, ендігі кезекте стадион 2025 жылдың мамыр айында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері Сыр спортшылары түрлі сайыстан 800-ге жуық медаль алды, – деді облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<