Спорт: Сырда үлкен серпін бар

418

0

Салада биыл жағымды жаңалық аз емес. Үш мыңға жуық спортшы 342 халықаралық және республикалық жарысқа қатысып, ел намысын қорғады.

Жерлестеріміз Әлем және Азия біріншіліктері мен кубоктарынан 43 алтын, 30 күміс және 29 қола медаль жеңіп алды. Ал ел біріншіліктері мен кубоктарынан 747 медаль, (оның 252-сі алтын, 222-сі күміс, 273-сі қола) иеленді. 

Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев бұл туралы брифингте айтып берді.

Өткен 10 айдың көрсеткіштеріне назар салсақ, осы жылы 3 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 29  ҚР спорт шебері, 814 ҚР спорт шеберлігіне кандидат спортшы әзірленіпті. Бұдан бөлек, биыл жалпы спорт түрлері бойынша Ұлттық құрама командасына облыстан 690 спортшы енді.

– Облыс әкімінің бастамасымен қала және аудандарда заманауи үлгіде бірнеше спорт кешені қолданысқа берілді. Атап айтқанда, өткен жылы 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, оның 9-ы табысталды. Осы жылға өтпелі 4 нысанның құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал аудандарда жалпы құны  4,7 млрд теңгені құрайтын 10 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сол жағалауда стадионның іргетасы қаланғанын білесіздер. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының «ALAṄ» бағдарламасы аясында Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне табысталды. Демеушілік көздерден шілде айында Жалағаш және Шиелі аудандарында 2 шағын спорт кешенінің құрылысы басталды, – деді ол.

Тағы бір жағымды жаңалық, жақында заманауи үлгідегі «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді.

Нақты кезеңде  аймақта 328 597 адам (халықтың 39 пайызы) денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыста бұқаралық денешынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында 985 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 127 мың адам қатысқан.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<