Спорт жаңалықтары

992

0

Снежанна – Әлем чемпионы

22-30 тамыз аралығында Дубайда  парапауэрлифтингтен Әлем чемпионаты өтуде. Жасөспірімдер, жастар, ерлер мен әйелдер арасындағы  жарыста 80 мемлекеттен 500-ден аса спортшы бақ сынауда.

Байрақты бәсекенің алғашқы күндерінде қуанышты жаңалық жетті. Сыр спортшысы Снежанна Бойко жасөспірімдер арасында І-орын иеленіп, чемпион атанды.

Алдағы күндері бұл чемпионаттың жарыс жолына Станислав Шакиев пен Фариза Төлжан шығады.

Олжас олжалы оралды

Ұлыбританияның Бирмингем қаласында парадзюдодан IBSA Әлем ойындары өтті. Оған 42 мемлекеттен 300-ден аса спортшы қатысты.

Дүбірлі додада Сыр спортшысы Олжас Оразалыұлы 73 келі салмақта ІІІ орын иеленді.

Өкіншіке қарай, Сырдан аттанған өзге спортшылар байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына шыға алмады.

Ойшылдар ойыны

Теннис орталығында шахматтан жасөспірімдер арасында «KAZPETROL GROUP OPEN – 2023» республикалық жарысы басталды.

Жарыста облыстық мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Мәулен Бегалиев өңір жастары арасында интеллектуалды ойынның даму қарқыны жоғары екенін айтып өтті. Сонымен қатар, «KAZPETROL GROUP» мұнай компаниясының бас директоры Ержан Тазабеков пен шахматтан Әлемнің 3 дүркін чемпионы Әсел Серікбай құттықтау сөз сөйлеп, ойшылдар ойынының бүгіні мен ертеңі туралы ойын білдірді.

Турнир швейцар әдісі бойынша өтуде. 140 спортшы қатысып жатқан жарыс 28 тамызда қорытындыланады.

Аңыз атындағы аламан

«Локомотив» стадионында КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған футболдан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Оған 2008-2009 жылғы жасөспірімдер қатысуда.

Шарада облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ спорт ардагері, «ҚазАтомПром» компаниясы кәсіподағының төрағасы Қасымжан Мадиев пен арнайы қонақ Тимур Санжарұлының немересі Әлихан сөз сөйлеп,  аңыз тұлға жайында естеліктерін бөлісті.

Турнирге Қызылорда қаласы мен аудандарынан 12 команда қатысуда.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<