Спорт жаңалықтары

2804

0

Қазақстан World Boxing құрамына енді

Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды. Бұл туралы АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының Конгресінде хабарланды. Еліміз аталған ұйымның қатарына қосылған 52-ші елге айналды.

Сондай-ақ World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Конгресс қатысушылары алдында сөз алып, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы Әлем чемпионатын және Конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді.

Конгресс барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша Әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.

Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған.

Әлем чемпионатынан – 17 жүлде

Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар 17 медаль алды.

Әлемдік додада еліміздің ұлдар және қыздар құрамасы 6 алтын, 1 күміс, 9 қола медальға қол жеткізді.

Ел құрамасынан Бексұлтан Боранбек (51 келі), Төрехан Сабырхан (67 келі), Өнер Сейілхан (71 келі), Санжарәли Бегалиев (75 келі), Елянур Тұрғанова (50 келі) және Аружан Зейноллаева (81 келі) жеңіс тұғырына көтерілді.

Ал күміс медаль Ұлдана Таубайға (66 келі) бұйырса, үздік үштікті Диас Берікбай (48 келі), Жансері Көшербаев (57 келі), Расул Асанханов (92 келі), Аслан Елдібайұлы (92 келіден жоғары), Әнел Абдрасилова (48 келі), Бағжан Отынбай (52 келі), Толғанай Касымхан (60 келі), Аружан Жаңабаева (63 келі), Шұғыла Нәлібай (75 келі) және Панар Сейітханқызы (81 келіден жоғары) түйіндеді.

Олардың арасынан Төрехан Сабырханды ерекшелеп айтуға болады. Биыл Париж Олимпиадасына баратын үміткерлер арасында оның да есімі аталған еді. Дегенмен ол жасына байланысты іріктеу кезеңіне қатысудан шет қалды.

Ол жастар мен жасөспірімдер арасында төрт мәрте Азия чемпионы атанған. Еліміздің жастар құрамасының капитаны міндетін атқарады. Жастар арасындағы Әлем чемпионатында Төрехан өзін жақсы қырынан таныта білді. Финалда кубалық Дэвид Мануэль Эспиноса Сантояны ойсырата жеңді. Оған дейін өзбекстандық Акбар Ахмадов, черногориялық Милош Роганович пен ауғанстандық Самир Хамдамды тізе бүктірсе, жартылай финалда қытайлық боксшыны қапы қалдырды.

Футбол ардагеріне құрмет

Қызылордада «Қайсар» футбол клубының ардагері Сұлтан Әбеновті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды.

Аталған іс-шараға облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов қатысты. Ол белгілі азаматтың өмірдерегіне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылатын  аладоп бәсекесінде 10 команда бақ сынасады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<