Спорт жаңалықтары

5

0

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ

Қызылордалық балуандар жеңіс тұғырында

Түркістан қаласында «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорының қолдауымен қазақ күре­сінен ересектер арасындағы Қазақстан Кубогы өз мәресіне жетті. Бірнеше күнге созылған бай­рақты бәсекеде Сыр елінің балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, аймақ абыройын асқақтатты. Спортшылар жарыс қорытындысы бойынша 12 алтын және екі қола медаль жеңіп алып, жалпы­командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Жекелей сындарда 55 келі салмақта Шейхрахман Бауыржанұлы, Руслан Теміржан (60 кг), Жақсыбек Жеңісбек (66 кг), Дамир Әбдеков (74 кг), Еңбек Сақтағанов (90 кг), Ақылбек Серік (100 кг) және Нұрым Сәлімгереев (+100 кг) чемпион атанды. Қыздар арасында 52 келіде Жанерке Асқарова, Ұлту Асқар (56 кг), Арайлым Қанзада (60 кг), Айжан Болат (65  кг) және Әсел Бисембай (+77 кг) алтын медаль жеңіп алды. Әділбек Берікұлы (66 кг) мен Әсел Бисембай (+77 кг) қола жүлдегерлер иесі атанды.

Команданы жарысқа облыстың аға жаттық­тырушысы Болатбек Кенеев дайындады.

АЛЫШ КҮРЕСІ

Ел чемпионатындағы табыс

Түркістан облысының Кентау қаласында алыш белбеу күресінен қырғыз күресінің бір түрі жас­өспірімдер арасында чемпионат өтті. Бірін­шілікте Қызылорда об­лы­сының құрамасы табысты өнер көрсетіп, үш алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Осы нәтижелердің арқасында команда жал­пыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Жарыс қорытындысы бойынша 70 кг салмақта Нұркелді Құмарбек, Бекарыс Әбжаппар (80 кг) және Ғайса Дастанбекұлы (+90 кг) чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ал Нұрдәулет Асенов (55 кг), Рамазан Жұмағали (65 кг) және Нұрислам Ерболат (75 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ 45 кг салмақта Арайлым Абдушайт пен 70 кг салмақта Нұрислам Өсербай қола медаль еншіледі.

ЕРКІН КҮРЕС

Бозкілемдегі жарқын белес

Ресейдің Грозный қаласында еркін күрестен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додада қызылордалық Рамазан Жансапұлы 55 кг салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол тартысты белдесулер нәтижесінде қола медаль жеңіп алып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

ТАЕКВОНДО

Түркия төріндегі жеңіс

Түркияның Анталия қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында XIII «Turkie Open, G-1» халықаралық турнирі өтті. Дүбірлі додаға 30 мемлекеттен екі мыңнан астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Жарыстың екінші күнінде Сыр елінің жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетті.

Атап айтқанда, 61 кг салмақта Әбілмансұр Шаншархар жарыс жеңімпазы атанып, алтын медаль еншіледі. 68 кг салмақта Әлімхан Тор­ғын да сәтті белдесулер өткізіп, чемпиондық тұ­ғырға көтерілді. Ал 57 кг салмақ дәрежесінде Дін­мұхаммед Маратұлы финалға дейін жетіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА

Сыр спортшыларының серпіні

Алматыда жеңіл атлетикадан жасөспірімдер мен юниорлар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қызылорда өңірінің жас спортшылары жүлделі орындардан көрініп, өз шеберліктерін жоғары деңгейде дәлелдеді. Шығанбай Сезім найза лақтыруда чемпион атанып, дискі лақтырудан күміс медаль иеленді.

Сондай-ақ жасөспірімдер арасында Нұрзат Ғалымұлы найза лақтырудан алтын медаль жеңіп алса, Давид Русяновский де осы сайыс­та өз жасында топ жарып, чемпион атанды. Асылзат Қыдырбай дискі лақтырудан қола медаль алып, жүлдегерлер қатарынан табылды. Ал юниорлар арасында Алиайдар Мырзағазиев дискі лақтырудан қола жүлдеге қол жеткізіп, команданың қоржынына тағы бір медаль салды.

 Бағлан АЙҒАЛИҰЛЫ,

«Сыр бойы»