Азия чемпионатында топ жарды
Тайланд елінің Бангкок қаласынан сүйінші жаңалық жетті. Дзюдодан өтіп жаткан Азия чемпионатында қызылордалық Акбар Алтай
(73 кг) 1-орын иеленді.
Дина Мұханбет (57 кг) 3-орын алып, Сыр спортының даңқын тағы бір әйгіледі. Олардың жаттықтырушылары: К.Қалиұлы, Р.Бурлов, Р.Мұстафаев, С.Жүсіпбекова, Ж.Аманкелді.
Қанжығада – қола жүлде
Ауыр атлетикада Сырдың даңқына ешкім сына қаға алмайды. Ильия Ильиннің ізбасарлары небір айтулы жарыстарда топ жарып жүр.
Соның бір айғағындай, 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Азамат Төлеген жүлде алды. 15-25 шілде аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында өткізіліп жатқан чемпионатта Сыр спортшысы қола жүлдені қанжығасына байлады.
Азамат Төлеген (61 кг) серпе көтеруде 150, жұлқа көтеруде 112, қоссайыс нәтижесімен 262 келі зілтемірді бағындырды. Осылайша ол ХДСШ (Халықаралық дәрежедегі спорт шебері) нормативін орындады.
«Қазақстан барысына» құрмет
«Қазақстан барысының» биылғы жеңімпазы, жерлесіміз, Мақсат Исағабыловқа «Қайсар» футбол клубы құрмет көрсетіп, қошеметке бөледі.
Команданың кешкі жаттығуында футболшылар даңқты балуанмен жүздесіп, мәртебелі жеңісімен құттықтады.
– Сыр өңірі талантты спортшыларды түлетуде озық дәстүрге ие. Мақсат – соның бір дәлелі. Әр аймақтың ең үздік балуандары сынға түскен турнирде мақтанышымыз намысты қолдан бермей, жеңіс сыйлады. Мақсаттың бұл жеңісі одан әрі жалғасын тауып, «Әлем барысын» бағындыратынына сеніміміз мол. «Қайсар» футбол клубы әрдайым тілектестік білдіреді, – деді клуб директоры Садық Мұстафаев.
Кездесу барысында Мақсатқа «Қайсардың» 12 нөмірлі жейдесі мен естелік сыйлықтар табысталды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<