Спортшы ұстаздарға құрмет

332

0

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық мұғалімдер арасындағы спартакиададан облыс құрамаcы ІІІ орынға қол жеткізген еді. Осыған орай облыстық «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ұйымы жеңімпаздарды құттықтады.
Аймақ ұстаздары спартакиа­дада  спорттың шағын футбол, баскетбол, волейбол түрлері бойынша бақ сынап, 17 команданың ішінен озып шыққан. Жеңіс тұғырынан көрінген мұғалімдер қауымын облыстық кәсіподақ төрайымы Райкүл Байназарова арнайы құттықтап, алғыс хат табыстады.
– Бұл спартакиада елордада ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өтті. Сыр ұстаздары олжалы оралды. Біз мұнымен мақтанамыз. Облыстық командада барлық ауданның өкілдері бар. Бүгінгі жеңіске бір күндік не бір жылдық еңбекпен жеткен жоқпыз. Жылдар бойы жинаған тәжірибе мен қажырлы еңбектің арқасы. Ұстарымыздың мәртебесі әрдайым биік болсын, – деді ол.
Шара барысында үлкен додада сынға түскен мұғалімдер ұйымдастырушыларға риза­шылықтарын білдірді.
– Қазалы ауданы №249 мектеп-лицейінің денешынықтыру пәнінің мұғалімімін. Спартакиадада облыстық құрама жалпыкомандалық есепте ІІІ орын алсақ, баскетболдан екінші орынды иелендік. Бұл дода мен үшін үлкен тәжірибе болды. Осындай шараға қатысуымызға қолдау білдірген облыстық білім басқармасы мен кәсіподаққа алғысымыз шексіз, – деді Ерлан Құрманов.
Мұнан әрі салтанатты шара марапаттау рәсіміне ұласты. Үздік спортшы мұғалімдермен қатар аға буын өкілдері де алғысқа бөленді. Сондай-ақ, командаға облыстық кәсіподақтың атынан «Бурабай» курорт аймағында орналасқан  «Жұмбақтас» пансионатына жолдама берілді. Кеш соңы мерекелік концертке жалғасты.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<