Спорттық нысан жұмысын бастады

1257

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Қызылорда қаласындағы жаңа байдарка және каноэ есу базасы жұмысын бастады. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова нысан жұмысын көрді.

Онда бапкер, аға жаттықтырушы Мухитдин Мейірбеков байдарка және каноэ есу бойынша жастарды даярлау ісіне қатысты негізгі ерекшеліктерді айтып өтті. Аймақ басшысы жастармен пікірлесіп, жаңа нысан Сыр спортының дамуына серпін беретінін жеткізді.

Базада спортшыларға арналған жаттығу залы, монша, медициналық көмек көрсету пункті және асхана бар. Сондай-ақ, қайық сақтау қоймасы мен жазғы оқу-жаттығу процесін жүргізетін су аумағы орналасқан. Мұнда 80 баланың спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Ал, жаңа нысан арқылы 15 маман жұмыс көзін тапты. 

Атап өту керек, Қызылордада байдарка және каноэ есу спорты 2012 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда аталған спорт түрімен өңірдің спорт мекемелерінде 4 жаттықтырушы 56 спортшымен тұрақты жұмыс жасайды. 9 жыл ішінде өңірде 4 ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 4 ҚР спорт шеберіне кандидат спортшылар дайындалды. Олардың қатарында Мерей Медетов,  Қожахмет Алтынбек, Гүлжайна Тыныбекова, Бахраддин Диас, Диана Үдербаева бар.

Биыл облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 90 медальді қоржынға салған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде 2156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыру биылғы 212 млн теңгеден келесі жылы 4312 бала үшін 638 млн теңгеге ұлғайтылмақ.

Мұнан соң облыс әкімі Баймұрат батыр ауылында орналасқан психикалық денсаулық орталығына қарасты «Наркологиялық стационардың» жұмысымен танысып, оңалту және серуендеу алаңын көрді.

Стационар осы жылы қайта жаңғыртудан өткен. Емдеу мекемесінде 170 төсек-орын бар. Науқастарға наркологиялық көмек, медициналық оңалту, жалпы терапиялық, зертханалық диагностика және т.б. медициналық көмек көрсетілуде. Мұнда 90-ға жуық маман азаматтарға емдеу процесін жүргізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<